Ақордам, аяулы астанам!

Елорда күні қарсанында Невзоровтар отбасы атындағы облыстық бейнелеу өнері музейінде өткізілген іс-шаралар.

Жылдан жылға көркейіп, гүлденіп жатқан Астана – егемен ел болғанымыздың айғағы, өркендеуіміздің көрінісі. Тарихымен табиғаты, сәулетімен бүкіл тіршілігі дара, ғажап үлгілі күйіміздің күмбірі, көңіліміздің жыр-гүлі Елордамыз күн сайын еңсесі биіктеген қалаға айналуы өзімізді сүйсіндіріп, әлем жұртын көркімен тамсандырып келеді. Ол көз алдымызда жыл санап емес, ай санап емес, күн санап аңызға бергісіз шындықпен өсіп келе жатқан нұрлы қала. Астана — маңызды халықаралық кездесулер мен ірі мәдени іс-шаралардың орнына айналды. Ол өзінің бір бөлігіне айналғандардың барлығына жаңа мүмкіндіктер ашады. Сен — біздің елордамыз, біздің Астанамыз.

Біз сенің мерекенді тойлауға дайындалып жатырмыз. Ересектер мен балалар, әртүрлі жерлерде және әртүрлі тәсілдермен, бүкіл елде іс-шаралар ұйымдастырады, сен туралы әңгімелеседі, сені мадақтайды, концерттер арнайды, суреттер салады, дәрістер оқиды, фильмдер түсіреді және осы керемет күн – Астана күнін атап өтуге болатын көптеген мерекелік шаралар өткізеді!

Семей қаласында, Абай облысында Невзоровтар отбасы атындағы облыстық бейнелеу өнері музейі осы тамаша оқиға қарсаңында мемлекеттік және орыс тілдерінде пуантилизм техникасы мен кескіндеме техникасында шығармашылық тренингтер өткізді. Ашханова Назым Серхановна, Абешова Жанар Жумагазиновна, Сивашова Юлия Валерьевна және Неделькина Наталья Сергеевна балаларға жаңа бейнелеу техникасын үйретіп қана қоймай, елордалық сәулет өнерінің сұлулығымен және Астана қаласының тарихымен таныстырды.

Көрнекі баяндау, қызықты техникалар және нәтижесінде алынған керемет жұмыстар – барлығы бірге қуанышты шығармашылық атмосферасын сыйлады және елордамыз күніне орай тамаша мерекеге айналды!

Scroll to Top