Spread the love

«Бауырсақ, бауырсақ, мен сені жеймін!»

Балабақшадағы шығармашылық ертегі-сабақ

Балалар ертегіні жан-тәнімен жақсы көреді. Әр ертегі – қиялға қанат бітіріп, шаттық сыйлайды. Осы аптада «Айдана» балабақшасына сиқырлы қонақ келді – «Бауырсақ» ертегісі! Онымен бірге Абай облысы Семей қаласындағы Невзоровтар отбасы атындағы бейнелеу өнері музейінің қызметкерлері – Арайлым Мұратбекова, Лариса Шестакова және Наталья Неделькина қадам басып, балаларға «тұзды қамыр» техникасында ерекше сабақ сыйлады.

Әуелі бүлдіршіндер мультфильм тамашалап, Бауырсақтың орман ішімен домалап қашқанын, әр аңмен тіл қатқанын көріп, оның еркелігіне сүйсінді, тентектігіне күлді. Содан соң ертегіні өз қолдарымен жалғастырар сәт туды.

Түрлі-түсті тұзды қамырды қолға алған кішкентай қиялшылдар әсем тәрелке жасап, оның жиегін өрнектеді, ішін бауырсақпен толтырды. Жасы төрт-бестегі ғана балдырғандардың еңбегінде ынта да, қуаныш та, кішкентай жүректердің жылуы да бар еді. Әрқайсысы өз туындысына сүйсініп, шын қуанды.

Сабақ соңында күлкі мен шаттыққа толы қимыл-қозғалыс ойыны басталды. Бауырсақ қашып барады, ал балалар қуып барады – қуанышты ойынның қызығына түскен сәтте уақыттың қалай өткенін ешкім байқамады.

Музей қызметкерлері бұл балабақшаға шығармашылық тренингпен алғаш рет келген жоқ. Әрбір мұндай сапар – бүлдіршіндермен жүрек сырын бөлісу, олардың қиял әлеміне үңілу. Бұл – ойын мен өнердің тоғысып, ертегінің көз алдымызда қайта тірілетін сиқырлы шағы.

Scroll to Top