Фарид Арғынұлы Хасеновты туған күнімен құттықтаймыз!

Абай облысы Семей қаласындағы Невзоровтар отбасы атындағы бейнелеу өнері музейі өзінің көп жылғы серігі, тамаша суреткері – Фарид Арғынұлы Хасеновты туған күнімен шын жүректен құттықтайды!

Фарид Арғынұлы – сирек кездесетін кішіпейіл жан. Оның өнері даңғаза сөздерсіз-ақ әр туындысында жарқырап көрінеді. Суретшінің кенептері – туған қаласына деген шексіз сүйіспеншілікке толы лирикалық пейзаждар. Онда дабыралы бояу жоқ, әр картинасынан тылсым тыныштық, жан жылуы мен туған жерге деген іңкәрлік сезіледі. Музей қорында оның «Туған қаламның көшесі», «Ғаббасов көшесі», «Алғашқы қырау» және «Ойға шому» атты төрт пейзажы аса ұқыппен сақтаулы.

Фарид Арғынұлы қаламыздың көркемөнер өміріне белсене араласып, өзінің туындыларын түрлі көрмелерге, соның ішінде біздің музей ұйымдастырған көрмелерге де ұсынып келеді. Суретшінің әр көрмеге қатысуы – жанымызға жылы тиер, көптен көрмеген сырлас доспен қауышқандай әсер сыйлайды.

Ұзақ жылдар бойы ол Шәкәрім университетінде студенттерге шеберліктің қыр-сырын үйретіп, бүгінде зейнеткерлікке шықса да, өз еңбектерімен бізді қуанта беруде.

Шын жүректен Фарид Арғынұлына мықты денсаулық, сарқылмас шабыт пен шаттық тілейміз! Әрбір жаңа таңы өзінің көрерменіне молынан сыйлап жүрген нұр мен жылылыққа толы болсын!

Scroll to Top