Spread the love

Қазақстан жерінде

Музей қорынан алынған Евгений Сидоркин туындыларының көрмесі

Бұл көрме екі маңызды оқиғаға арналған – Қазақстан Республикасының күні мен суретшінің 95 жылдық мерейтойына. Екі мерекенің осылайша бір көрме аясында тоғысуы терең символдық мәнге ие. Қазақстаннан жырақта дүниеге келген суретші кейін ұлттық рухты терең сезінген, қазақ өнерінің айшықты өкіліне айналды. Ол – қазақстандық бейнелеу өнерінің келбетін қалыптастырған шеберлердің бірі.

Евгений Матвеевич Сидоркин – нәзік қолтаңбалы график-суретші, сызық пен штрих арқылы тұтас бір әлем тудыра білген шебер. Ол тираждық және бірегей графика техникасында жұмыс жасап, әр туындысында терең ой мен сезімді тоғыстырды. Н.И. Фешин атындағы Қазан көркемсурет училищесін, Ригадағы Өнер академиясын және И. Репин атындағы Ленинград институтын тәмамдаған ол 1950-жылдардың соңында Қазақстан жерінде тұрақтап, шығармашылық тынысын осы елде тапты. Дәл осы өлкеде оның таланты айқындалып, қазақ рухының бояуымен өрілген қайталанбас суреткерлік әлемі қалыптасты.

Невзоровтар отбасы атындағы облыстық бейнелеу өнері музейінің қорында шебердің қырықтан астам еңбегі сақтаулы, олардың басым бөлігі осы көрмеде ұсынылып отыр. Экспозицияда суретшінің әдеби туындыларға арналған иллюстрациялар топтамалары ерекше орын алады. Евгений Матвеевич қазақ халқының бай рухани мұрасын, ұлттық мәдениетін шын жүректен сүйіп, оны өз шығармашылығында терең бейнеледі. Ол Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романын, қазақ эпостарын бейнелеген. Көрмеде сондай-ақ «Қыз Жібек» поэмасына, қазақтың халық ертегілері мен аңыздарына арналған иллюстрациялар да көрермен назарына ұсынылған.

Бұл көрме – тек музей өміріндегі емес, тұтас өнер кеңістігіндегі айрықша оқиға. Евгений Сидоркин – қазақстандық бейнелеу өнерінің дара тұлғасы. Оның шығармашылығы – шеберліктің ғана емес, адам жанының терең иірімдерін, халық мәдениетінің сұлулығын, қазақ жерінің тірі рухын тебірене толғаған өнер әлемі.

 

Scroll to Top