Музей қызметкерлері халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысты
Абай облысындағы Невзоровтар отбасы атындағы облыстық бейнелеу өнері музейінің қызметкерлері Рекида Ирина Михайловна мен Сивашова Юлия Валерьевна Ф.М. Достоевский музейінің құрылғанына 55 жыл толуына арналған «Достоевский және әлем мәдениеті: көркем мұра және руханият» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда баяндама жасады.
Зерттеу жұмысы – музей қызметінің маңызды бағыттарының бірі. Қорларды зерттеу, аудиториямен жұмысты талдау, түрлі әдістемелер мен форматтарды әзірлеп, тәжірибеде қолдану, сондай-ақ осы жұмыстардың нәтижелерін конференцияларда таныстыру – мұның барлығы музейді кеңінен насихаттауға, оған деген қызығушылықты арттыруға және ең бастысы, жалпыадамзаттық рухани әрі мәдени мұраны сақтауға ықпал етеді.
Қаламызда айдаудағы (жер аударылған) бес жылын өткізіп, екі шығармасын жазған Фёдор Михайлович Достоевскийдің шығармашылығын зерттеуге арналған конференцияда И.М. Рекиданың «Музей қорындағы ксилография негізінде Фаворский шығармашылығындағы Достоевский бейнесі» және Ю.В. Сивашованың «Невзоровтар отбасы атындағы облыстық бейнелеу өнері музейі коллекциясындағы суретшілер туындыларындағы Ф. Достоевский мен Ш. Уәлиханов образдары» атты баяндамалары ұсынылды.
Фёдор Михайлович Достоевский – әлем әдебиеті мен рухани мәдениетінің ең ірі тұлғаларының бірі. Оның шығармаларындағы кейіпкерлер суретшілерді қайта-қайта шабыттандырып отырса, жазушының өз бейнесі де кескіндеме мен графикада талай мәрте көркем көрініс тапты. Достоевскийдің күрделі әрі терең болмысы суретшілер алдына үлкен шығармашылық міндет жүктеді. Әр қылқалам шебері оны өзінше танып, өзінше бейнелеуге тырысты: біреуі жазушының ішкі жан дүниесіне үңілсе, енді бірі өз дәуірінің көркемдік ағымдары мен жеке шығармашылық қолтаңбасы арқылы оның бейнесін ашуға ұмтылды.
В.А. Фаворский әдеби шығармаларды безендірудің өзіндік жүйесін қалыптастырды. Онда автордың шығармашылық болмысы иллюстрацияның сипатын ғана емес, бүкіл кітаптың көркемдік шешімін айқындайды. Ол әр жазушыға дара көзқараспен қарап, әрқайсының ішкі әлемін өзінше ашуға ұмтылды. Фаворский бейнелеген Достоевский – жай ғана жазушының портреті емес, суретшінің өзі терең сезініп, жүрегінен өткізген күрделі психологизмнің тірі көрінісі. Бұл ксилографияның әсерлі әрі айрықша мәнерде орындалғаны соншалық, ол жеке ғылыми зерттеудің тақырыбына айналды.
Музей қорында Ф. Достоевский мен Ш. Уәлихановқа арналған кескіндеме, графика және мүсін өнерінің бірнеше туындысы сақталған. А. А. Гурьев, А. А. Сыдыханов, Н. И. Яковлев, М. М. Беляев, Л. Т. Ядринцев сынды суретшілер де осы ұлы тұлғалардың бейнесіне қалам тартқан.
Әр суретші оларды өзіндік көркем тілі арқылы бейнелеп, образдарын өзінше ашуға ұмтылды. Бүгінде музей қорында Ф. Достоевский мен Ш. Уәлихановқа арналған алты көркем туынды сақтаулы, және олардың барлығы жеке ғылыми мақалада жан-жақты қарастырылды.
Конференция мазмұнды әрі ақпаратқа бай болды және әріптестермен өз ойларымен бөлісуге ғана емес, сонымен қатар жаңа зерттеулермен танысуға, Достоевский шығармашылығына әртүрлі қырынан қарауға және алдағы ғылыми жұмыстар үшін жаңа бағыттарды айқындауға мүмкіндік берді.
#НевзоровтарМузейі #СемейМузейі #Семей #Абай #Достоевский #ФМДостоевский #музей #конференция #ғылым #мәдениет #өнер #ШоқанУәлиханов #NevzorovMuseum
Last updated on 18 мая, 2026 at 05:44 пп






