Семей сәулетіндегі тарихи жадты сақтай отырып: Алматыда өткен конференцияда Невзоровтар отбасы атындағы облыстық бейнелеу өнері музейі директорының орынбасары ұсынған баяндама
Алматыдағы Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық өнер музейінде «Музейдегі теория мен практика: тұжырымдамадан жүзеге асыруға дейін» тақырыбында «Қастеев оқулары» ғылыми-практикалық конференциясы өтті. Мәдени мұраны сақтау мен музей ісінің өзекті мәселелерін талқылаған жиынға еліміздің әр өңірінен өнертанушылар, музей қызметкерлері, реставраторлар мен мәдени мұра зерттеушілері қатысты.
Конференция барысында Абай облыстық Невзоровтар отбасы атындағы бейнелеу өнері музейі директорының орынбасары Халитова Ильвира Ахметжановна тарихи-сәулеттік мұраны сақтау және музей ісі мәселелеріне арналған ғылыми баяндамасын ұсынды.
«Көпес Ф. С. Степановтың үйі – қала құрылысы мен сәулет ескерткіші, Қазақстанның музей мұрасы нысаны» атты баяндама музей орналасқан тарихи ғимараттың өткені мен бүгінін сабақтастыра қарастырды. XIX ғасырдың 70-жылдары екінші гильдия көпесі Федор Степанович Степанов салдырған бұл еңселі ғимарат Семейдің талай тарихи кезеңіне куә болды. Кезінде мұнда салтанатты балдар мен музыкалық кештер өтіп, театр қойылымдары көрсетілген. Залдарын Франция және Италия суретшілерінің туындылары безендірген. Өз дәуірінде мәдени орта мен зиялы қауымның басын қосқан бұл ғимарат бүгінде тарихи келбетін сақтай отырып, Семейдің рухани-мәдени өміріндегі маңызды орнын жалғастырып келеді.
Ильвира Ахметжановна өз баяндамасында тарихи ғимараттың қалыптасу тарихын, сәулеттік болмысын және оның бүгінгі музей кеңістігіндегі орнын кеңінен таныстырды. Сонымен қатар тарихи нысандарды сақтап қалу ғана емес, оларды қазіргі мәдени ортаға табиғи түрде интеграциялық маңыздылығына назар аударды. Осы ретте көпес Ф. С. Степановтың үйі өткен дәуірдің қала құрылысы мен сәулет өнерінің құнды үлгісі ретінде ғана емес, еліміздің материалдық әрі музейлік мұрасының ажырамас бөлігі ретінде бағаланады.
Баяндама тыңдармандардың қызығушылығын оятып, жылы пікірлерге ие болды. Тарихи-сәулеттік мұраны сақтау мәселесі Абай облысының ғана емес, бүкіл Қазақстанның мәдени кеңістігі үшін маңызды. Мұндай ғылыми кездесулер тәжірибе алмасуға жол ашып, өңірлер арасындағы кәсіби байланысты нығайтуға және ортақ мәдени мұраны сақтау ісіне жаңа серпін беруге ықпал етеді.
#МузейНевзоровых #ҚастеевОқулары #МәдениМұра #ҚазақстанСәулеті #АбайОблысы #ҚазақстанМузейлері





