20.09.2026

Туған жерге сүйіспеншілікпен

Туған жерге деген сүйіспеншілік бесіктен басталады. Сондықтан да Қала күні қарсаңында Невзоровтар отбасы атындағы облыстық бейнелеу өнері музейінде «Саруар» студиясының тәрбиеленушілеріне арналған, туған қаламыз туралы танымдық әрі қызықты іс-шара өтті.

Барлық тапсырмалар Семей қаласына — оның тарихына, сәулетіне, ескерткіштеріне және есімі елге белгілі жерлестерімізге арналды.

Музей қызметкері Ажханова Назым Серханқызының жетекшілігімен балалар өздеріне таныс қаланың қыр-сырына жаңаша көзқараспен қарауға тырысты. Олар түрлі тапсырмаларды орындау арқылы әлі де шағын өмірлік тәжірибелерін туған қалалары туралы жаңа білімдермен толықтырды. Мектеп оқушылары көне ғимараттардың бейнелерін олардың қазіргі келбетімен сәйкестендіріп, Семейдің уақыт өте келе қалай өзгергенін білді. Сондай-ақ жекелеген суреттер арқылы қазіргі заманғы ғимараттарды тануға тырысты.

Балалар тек сәулет ескерткіштері туралы ғана емес, адамдар жайында да әңгімелесті. Олар елдің дамуына өз үлесін қосқан белгілі жерлестерімізбен танысып, олардың өмірі мен қызметі туралы қызықты деректер білді.

Балаларға пазл құрастыру тапсырмасы ерекше ұнады. «Абай портретінің эскизі» картинасы желісі бойынша бейнені құрастыра отырып, олар бір мезетте өнер туындысымен танысып, өздерінің байқампаздықтарын сынады. Ал «Сенемін — сенбеймін» ойыны қатысушылардың туған қала тарихын қаншалықты жақсы білетінін тексеруге мүмкіндік берді. Бұл жерде балаларға белгілі деректерді еске түсіріп қана қоймай, шындықты ойдан шығарылған ақпараттан ажырату қажет болды.

Осылайша Семейдің ескі ғимараттары мен заманауи көшелері, ескерткіштері, тарихы, өнері және туған қаласы мақтан тұтатын адамдары арқылы қала бойынша нағыз саяхат жасалды.

 

Scroll to Top