«ҰСТАЗҒА АЛҒЫС!» — Төребаев Манат Саясатұлының жарқын бейнесіне арналады
Балалар – өмірдің құлпырып ашқан гүлі, Балалар – қуаныш пен еңбектің үні…
Олар жайлы қаншама әсем сөздер айтылады, Қаншама еңбектер жазылып, пікірталастар толқиды.
Семей қаласындағы Невзоровтар отбасы атындағы облыстық бейнелеу өнері музейінің балаларға арналған көркемсурет студиясында еңбек еткен бір ұстаз бар еді – Төребаев Манат Саясатұлы еді. Ол мұндай сөздерді көп айтпайтын, бірақ бар жан-дүниесімен, табиғи болмысымен, жүрек тереңінен балаларды сүйетін. Бұл сүйіспеншілік – оның жаратылысының заңындай. Өмірінің мәні емес, өмірінің тынысы еді. Әр сәтінде, әр әрекетінде, әрбір жылы сөзінде, тіпті жай ғана қасында болғанның өзінде балалар жүрегін баурап алатын. Олар топ-топ болып айналасына жиналатын, ол еңкейіп суреттің үстінде тапсырманы көрсетіп, түсіндіріп жатқанда, бастарын созып, асыға қараушы еді. Қасында болуға ұмтылатын, алыстан қарап тұрғысы келмейтін. Әрқайсысы жанында болып, сол табиғи жылылық пен махаббат шуағында қалғысы келетін. Балалар бәрі бірге пленэрге баратын, биологиялық орталықтағы жануарларды көруге де барып жүретін.
Әр ұрпақ алмасқан сайын оның алдына жаңа шәкірттер келіп отырды. Манат Саясатұлы атағы дүркіреп тұрған, еңбектері көпшілікке кеңінен таралған ұстаз болған жоқ. Оның ондайға ұмтылысы да болмады. Бірақ соған қарамастан, оны жақсы білетін, жүрегіне жақын тартатын жандар аз емес еді. Өйткені ол – тек үйретуші ғана емес, демеп-жебейтін, шабыттандыратын, баланың ойын тыңдап, жан дүниесін түсіне білетін шынайы ұстаз болатын. Ол өзінің пәнін оқытумен шектелмей, шәкірттерін ең алдымен адам болуға баулыды.
Манат Саясатұлы 1997 жылы музей табалдырығын аттады.
Ол келгенде, қайта құру жылдарындағы дауылға шыдас бермей, балалар көркемсурет мектебі жабылып қалған. Сол мектептің жалғасы – музей студиясы болды.
Міне, сонда ол балаларға білім беріп қана қоймай, музейдің қарапайым да күнделікті жұмысын да атқарды.
Фотосуретке түскенді, көзге көп түскенді ұнатпайтын. Әркімге бірдей қарапайым, адал, шынайы еді.
Сосын бір күні ол демалысқа шықты. Әдеттегідей қарапайым қалпында – велосипедіне отырып, әріптестерімен жылы қоштасып кете барды. Бірақ бұл оның соңғы қоштасуы еді…
2024 жылдың 14 қазанында Манат Саясатұлы өмірден өтті…
Бұл – сөзбен айтып жеткізуге келмейтін қасірет.
Ол – шәкірттердің жадында, әріптестерінің жүрегінде мәңгі сақталған жан.
Әлі күнге дейін көз алдымызда: аралдың соқпақ жолдарымен бірге қыдырып жүргендей, балаларымен бірге биологиялық орталыққа кіріп бара жатқандай көрінеді.
Кейде шеберханаға бас сұқсаң, ол сонда отырғандай сезіледі.
Іштей: «Қайырлы күн, Манат Саясатұлы. Халіңіз қалай?» – дегің келеді.
Қайырлы күн… халіңіз қалай… Бірақ.
Рақмет Сізге, Манат Саясатұлы, бізбен бірге болғаныңыз үшін.
Бұл – әріптестеріңіздің, шәкірттеріңіздің атынан айтылған алғыс.
Рақмет, және де біздің сезімімізді Н.А. Некрасовтың мына сөздерімен жеткізуге рұқсат етіңіз:
«Ұстаз! есіміңнің алдында
ұлы басын кіші етіп, тізе бүгіп тағзым етеміз!»