Spread the love

«Жерімнің жүзі, жанымның үні».
Михаил Михайлович Беляевтің дербес көрмесі

Біздің қаламызда жан дүниесі нәзік, жүрегі кең, орта бойлы, алғашқы сәтте көзге түсе қоймайтын ерекше қарапайым жан бар еді – суретші, Михаил Михайлович Беляев. Ол қолына қылқаламын алған сәттен, оның жанары өзгеше – жүрекпен ғана көретін әлемді ашып беретін. Қала көшелерінде үнсіз жүріп, әр бұрыштан сұлулықты іздейтін, әр ағаштың сыбдырын, әр үйдің жылуын, әр адамның бейнесіндегі мейірімді кенеп бетіне түсіретін.
Өз уайымымен шектелген, қайшылықтар мен материалдық мақсаттардың жетегінде кеткен пенделер өмірде, дәл жанымызда, әр қадам сайын жақсылық пен сүйіспеншілікті жолықтыруға болатынын аңғармайтын. Ал Михаил Михайлович соны көре білді. Және соны суреттеді. Ол ешқандай астарсыз, пафоссыз, адам жанының тереңдігін, туған қаланың жылуын, табиғаттың ұлылығы мен байлығын, шығармашылықтың күшін қарапайым әрі ашық тілмен көрсете алды. Оның тілі – әркімге түсінікті тіл еді.
2007 жылы Михаил Михайлович өмірден өтті. Бүгін Невзоровтар отбасы атындағы бейнелеу өнері музейінде суретшінің шығармашылығына арналған көрме ашылды. Портреттер, пейзаждар, тұрмыстық жанрдағы туындылар, кескіндеме және графика — барлығы 100-ден астам жұмыс музей залдарында көрермендерін қарсы алуда. Бұл туындылар арқылы суретшінің өзі үн қатады. Көрме оның туғанына 100 жыл толуына орай ұйымдастырылып отыр. Ол өмірлік тәжірибесінің биігінен, жүрек тереңінен көрерменмен тілдеседі. Мұнда әркім өзіне жақын, таныс, жылы, жүрегіне әсер ететін дүниені табады. Михаил Михайлович Беляевтің шығармалары көрерменді баурап, жан дүниесінің терең пернелерін қозғайды, әр жүректе жаңғырық табады.
Михаил Михайлович Беляев Семейде тумаған. Біздің қалаға соғыс жылдарының ауыр кезеңінде келген еді. Тағдыр оны қайда алып кетсе де, ол әрдайым Семейге қайта оралатын. Қаламен тағдырын тоғыстырып, оның тарихының бір бөлшегіне айналды. Мұнда оның туыстары мен достары өмір сүреді. Жас суретшілер оның туындылары арқылы шеберлігін шыңдайды, ал көрермендер оны шын жүректен сүйеді. Өйткені оны сүймеу мүмкін емес…

Scroll to Top