Жүрек үні: Музейдегі шебер мен шабыттың тоғысуы.
Невзоровтар отбасы атындағы бейнелеу өнері музейінде үнемі құлаққа жағымды, жүрекке жылы тиіп жаныңды тербейтін әуеннің дыбысы самал жел тәрізді есіп тұрады. Бұл жолы да сол әдетінен тынбады. Бірақ бұл – жай ғана әуен емес еді, бұл – тарихтың үні болатын. Аңыз бен аманат – ішек пен ағашқа сіңген сырлы сарын. Бүгінгі күні біз Абай облысының «AMANAT» партиясының филиалымен бірлесе Ұлттық домбыра күніне» арналған «Шебермен кездесу» атты шығармашылық кеш өткіздік.
Бұрын театр болған акт залы бұл сәтте ерекше бір сезімге толып, өткен мен бүгін, шеберлік пен шабыт үйлесім тапты. Залдың қақ ортасында ағашқа жан бітіріп, оны дала үніне айналдыратын шебер – Елзат Шарбатұлы Даирбаев. Ол – мүсінші, ұстаз әрі өңірімізге танымал домбыра жасаушы шебер. Оның қолынан шыққан аспаптар тек нотамен ғана емес, ата-бабалар үнін жеткізетін күймен сөйлейді.
Жанында – болашақ. «Тамаша» шығармашылық орталығының балауса домбырашылары мен олардың ұлағатты жетекшісі – Оразғалиева Ғалия Есімханқызы. Бұл балалар тек тыңдау үшін емес, сезіну үшін келген. Домбыра үніне жан бітіретін пішіні, материалы, уақыт тынысы жайлы сыр шертуге келген.
Домбыра – дала үні.
Домбыра – қазақ халқының жанды жаны. Оның үні – мұң мен қуаныштың, еркіндіктің үні, – дейді Елзат Шарбатұлы, оның дауысы жұмсақ, бірақ жылдар бойы ағашпен сырласқан шебердің сенімді үнімен шымыр шығады.
Ол әр домбыраның өзіндік тарихы бар екенін айтып, қандай ағаштардан үн туады, «нағыз» домбыраны қалай тануға болатынын, оны жасаудың сырларымен бөлісті. Шебердің әңгімесі ескі күй секілді – терең, елітеді, жетелейді.
Бұл кездесу – ұлттық мұраның бір бөлшегін қайта сезінудің, тамырымызбен қауышудың тағы бір сәті болды.
Танымға апарар жол – сұрақтар.
Кездесуді музей қызметкері, шебер жүргізуші – Абешова Жанар Жұмағазықызы жүргізді. Ол шебермен әңгіме өрбітуде сұхбат өнерінің қыр-сырын дәл меңгерген. Әрбір сұрақ – бір сырлы әлемнің есігін ашқандай. Көп жағдайда біз домбыраның сұлу пішіні, икемге келетін ағашы, сырлы үні артында қандай еңбек, қандай жан салып жұмыс жасағанын ойлана бермейміз. Ал осы сәтте сол сырлардың пердесі түрілді. Шебердің жүрегі мен қолы қандай күй кешіп, не тудырып жатқанын елестету оңай емес.
– Домбыраның қандай түрлері бар және ол қандай ағаштан жасалады?
– Жақсы домбыраны қалай дұрыс таңдаймыз?
– Жеке өзіңіз үшін домбыра нені білдіреді?
– Бұл жолдың сіздің тағдырыңыз екенін қашан түсіндіңіз?
– Сіздің аспаптарыңызды атақты адамдар да сатып алды ма?
Бұл сұрақтарға Елзат Шарбатұлы қарапайым әрі шынайы жауап берді: бәрі жастық шағынан басталған, алғашқы тапсырыстарын 2000-жылдардың басында алған. Ал қазір – қолынан шыққан домбыралардың санын өзі де дөп басып айта алмайды. Әр домбырасы – өз баласындай. Белгілі өнер иелері мен мәдениет ұйымдары да тапсырыс берген. Бірақ ең маңыздысы – әр домбыра өз иесін табуы тиіс.
Домбыраның жанды үні. Шебердің әңгімесін жас домбырашылар жалғады. «Тамаша» шығармашылық орталығының шәкірттері, жетекшісі – Ғалия Есімханқызы Оразғалиевамен бірге, домбыраны нәзік шертіп, жанды үнмен тербетеді. Жартылай шеңбер болып жайғасқан балалар «Жастар биі», «Нәр ағашы», «Қосалқа» күйлерін орындап, тыңдаушыларды ерекше әлемге жетеледі.
Олар кімдер үшін ойнауда? Өздері үшін. Ата-аналары, музей қызметкерлері мен айналасындағы барша орта үшін. Олар әуен арқылы кеңістікті толтырып, жүрекке толқыныс сыйлайды.
Домбыра – жол. Бұл кездесу – жай ғана қолөнер туралы әңгіме емес. Бұл – дәстүрмен үндесу, ұрпақ сабақтастығы жайлы сыр. Домбыра – тек дыбыс емес. Ол – үнсіздік ішіндегі өз үнің. Тәртіпке, сабырға, туған мәдениетке деген махаббатқа үйрететін ұстаз. Бұл – жол.
Мереке аяқталды. Бірақ әсер қалды. Мүмкін, сол балалардың бірі дәл осы күні алғаш рет сезінген болар – дәстүр деген алыстағы аңыз емес. Ол – дәл жанымызда. Әуенде. Шебердің қолында. Жүрегімізде.