Музейдегі фортепиано музыкасының концерті
Үш ғасырдан астам уақыт бұрын Падуя қаласының шебері, клавесин жасаушы Бартоломео Кристофори жаңа музыкалық аспап ойлап тапты. Оның ерекшелігі — ішектерге балғашықтардың соғылуы арқылы дыбыс шығарып, әуеннің нәзік те қуатты реңктерін жеткізе алуында еді. Алғашында пианофорте, кейін фортепиано, одан соң пиано немесе пианино деп аталған бұл аспап бастапқыда көпшілікке аса танымал болмағанымен, уақыт өте келе әлем мәдениетінің ажырамас бөлігіне айналды.
Бүгін Абай облысының Невзоровтар отбасы атындағы облыстық бейнелеу өнері музейінде өткен концерт осы бір ұлы музыкалық аспапқа арналды. Мұқан Төлебаев атындағы музыка училищесінің бітіруші курс студенттері — болашақ кәсіби музыканттар — көрермен назарына Фредерик Шопен, Александр Скрябин, Ференц Лист шығармаларын ұсынды. Сонымен қатар кеш барысында қазақстандық композиторлар Раушан Кали, Жолан Дастенов және Нағым Меңдіғалиевтің туындылары орындалды.
Биыл ұлы венгр композиторы Ференц Листтің өмірден өткеніне 140 жыл толып отыр. Концерт бағдарламасында оның шығармаларының орындалуы — сазгердің теңдессіз талантына деген құрмет пен тағзым белгісіндей әсер қалдырды.
Концерт Абай облысының Невзоровтар отбасы атындағы облыстық бейнелеу өнері музейі мен Мұқан Төлебаев атындағы музыка училищесінің бірлескен еңбегінің нәтижесінде ұйымдастырылды. Училище тарапынан іс-шараны «Арнайы фортепиано» пәндік-циклдік комиссиясының төрайымы Жанар Амангелдіқызы Оразғалиева ұйымдастырды. Оның еңбегінің арқасында кеш мазмұнды, үйлесімді әрі көрерменге ерекше әсер сыйлаған тағылымды музыкалық кешке айналды.
Концертте бітіруші курс студенттері — Аделина Сагатова, Сая Талғатбекова, Балнұр Амангелдинова, Жанель Ашамаева, Рашида Атногулова және Амина Атногулова өз орындаушылық шеберліктерін көрермен назарына ұсынды. Жас музыканттар жоғары техникалық деңгейлерін ғана емес, орындалған шығармалардың мазмұны мен болмысын терең сезіне білетіндерін де көрсетті. Олар музыкадағы нәзік лирикадан бастап жарқын эмоциялық бояуларға дейін әсерлі жеткізе алды.
Кештің ерекше атмосферасын қалыптастыруға музыка колледжінің оқытушысы, концертмейстер Резеда Габдульбаровна Смыктың қатысуы да үлкен үлес қосты. Оның кәсіби шеберлігі мен сахналық тәжірибесі музыкалық кештің ажырамас әрі маңызды бөлігіне айналды.
Концерт классикалық музыканың әлі де өміршең өнер екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Ол әртүрлі буын өкілдерін біріктіріп, тыңдарман жүрегінен орын тауып, орындаушы мен көрермен арасындағы шынайы рухани үндестікке жол аша алатынын көрсетті.
#Невзоровтармузейі #Семеймузейі #Семей #Абай #фортепиано #пианино #классикалықмузыка #концерт #Шопен #Лист #Скрябин #өнер #мәдениет












