Отбасы — бақыт мекені
2013 жылы Елбасы «Қазақстан Республикасындағы кәсіптік және өзге де мерекелер» туралы Жарлыққа өзгеріс енгізіп, қыркүйектің екінші жексенбісін Отбасы күні деп белгілеген болатын. Осы мереке қарсаңында Невзоровтар отбасы атындағы бейнелеу өнері музейінің ұжымы баршаңызды мерейлі мерекемен құттықтай отырып, әрбір отбасыға амандық, құт-береке тілейді! Әр отбасының босағасы берік, мерейі үстем болсын!
Осы мейрам күндері Невзоровтар музейі сіздерді Бақытжан Сағадатқызы мен Айдар Болатқазыұлы Елубаевтар отбасымен таныстыруға бел буды.
Біздің қоғамда әрқашанда рухани, мәдени, ұлттық дәстүрлердің сақтаушысы — ол отбасы. Міне бүгін де атадан келген кәсіпті сақтап, жалғастырып, жаңғыртып келе жатқан Бақытжан мен Айдардың жанұясы өнер жолында тоғысқан облысымыздың қолөнер шеберлері.
Айдар Болатқазыұлы сәндік колөнер шебері, оқытушы. Семей облысының Абай ауданының Архат ауылында дүниеге келген. 1995 жылы Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетін тәмәмдаған. Қазіргі таңда Семей қаласының №19 жалпы орта білім беретін мектебінде ұстаздық қызмет атқарады. Бос уақытында ағаш, былғары, сүйектен ұлттық нақыштағы кәдесый бұйымдарын жасап көптеген қалалық, облыстық, республикалық көрмелерге қатысып жүрген шебер. Оның ішінде: «Шығыс кәдесыйлары», «Алтай базары», Павлодар облысында өткен «Ұлы дала» фестивалі. Астана күніне арналған «Мыңжылдықтар тоғысындағы Астана» атты көрме, «ЭКСПО-17» көрмесі, 2023 жылы Елордамыздың 25 жылдық мерейтойына арналған «Елорда базары» көрмесіне қатысып, Астана қаласының әкімінің алғыс хатымен марапатталды. 2023 жылы Қонаев қаласында тұңғыш рет өткен республикалық «ШЕБЕР-FEST» көрме-фестивалінің қатысушысы. 2023 жылы Абай облысы бойынша өткен «Асыл Мұра» қолөнер шеберлері сайысының жүлдегері болды. 2024 жылы Қ. Сәтбаевтың 125 жылдығына орай ұйымдастырылған Орта Азия қолөнершілер фестиваліне қатысып ары қарай өз өнерін шыңдауда. Ал міне осы 2024 жылдың қыркүйек айында өтетін V Көшпенділер ойыны аясында өтетін көрмеге дайындық жұмысын жүргізіп жатыр.
Өнер жолында әрдайым қолдап, қашанда жанынан табылатын өмірлік серігі Бақытжан Семей облысы Бесқарағай ауданы Башкуль ауылында дүниеге келген. Ол қаламыздағы сәндік қолданбалы өнер шеберлерінің бірі. 1993 жылы Семейдің Шәкәрім атындағы педагогикалық университетін аяқтаған. Ұстаздық еңбек өтілімі мол Бақытжан Шапенова қыз балаларымызды өнегелі өнер жолында ұлттық құндылыққа баулып, аналарымыздан мұра болып қалған қолөнерімізді барынша дамытуда. Халқымыздың рухани асыл мұрасын терең зерттеп, өнердің қыр сырын жас буын бойына сіңіре еңбек етіп келеді.Ұлттық нақыштағы құрақ көрпешелер түр-түрін тігіп, киіз басып, біз кесте арқылы өрнекті оюлар, кәдесыйлар жасап өткенімізді бүгінгі ұрпаққа тарту етуде.
Бүгінде Бақытжан Сағадатқызы қалалық, облыстық, республикалық көрмелерге, фестивальдарға, сайыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүрген жан.
Өткен жылдың жазында Бақытжан Ел Ордамыз Астана қаласында өткен «Аламан құрақ» жобасында Абай облысы бойынша жалғыз қатысушы болып, ұзындығы 500 метр болған көрпенің тігілуіне ат салысып, есімі Республика бойынша 200 құрақшымен бірге Қазақстан рекордтар кітабына (КИНэС) енді. Осы өнер жолында бұған дейінгі көптеген жетістіктерін атап өткіміз келеді. Бақытжан 2010-2018 жылдар аралығында келесі жобаларға қатысқан болатын: Астана қаласында өткен «Шығыс кәдесыйлары» көрме-сайысы, «Мыңжылдықтар тоғысындағы Астана» атты көрме, «Елорда базары» көрмесі, «Қазақ қолөнер мерекесі» V аймақаралық фестилі, 2023 жылы Абай облысында өткен «Асыл Мұра» облыстық қолөнер шеберлері сайысының жүлдегері. 2024 жылдың қыркүйек айында Астана қаласында өтетін V Көшпенділер ойыны аясында басталатын «Аламан құрақ -2024» жобасына Абай облысы атынан қатысушылардың көсбасшысы және қатысушы болмақ.
Елубаевтар отбасы ерең еңбегімен өнердің шыңына жол салып жүрген бақытты жандар. Қолөнер — халқымыздың ұрпақтан ұрпаққа ауысып тамырын тереңге жайып келе жатқан асыл мұрасы. Осы бай мұрамызды өмірлік кәсіптеріне айналдырған, қос аққудай қол ұстасып өнер айдынында қатар жүзіп келе жатқан жерлестерімізге үлкен шығармашылық жобалар мен жетістіктер тілейміз.