Spread the love

Руслан Шакабаевпен кездесу
Өнер сүйер қауымы клубының жаңа маусымының ашылуы

Жазғы үзілістен кейін Абай облысы, Семей қаласындағы Невзоровтар отбасы атындағы бейнелеу өнері музейі қайтадан рухани әуеге толды — Өнер сүйер қауымы клубы жаңа маусымын ашты. Бұл маусымның алғашқы қонағы — қала жұртына жақсы таныс журналист әрі суретші, туған топырағына ғашық жан — Руслан Шакабаев болды. Ол — Семейдің ғасырлар үнін сақтап қалған көне көшелеріне, тастан қашалған ескі үйлеріне жан бітіретін шынайы қала жанашыры. Оның жүрегінің дүрсілі — туған қаласының жүрегімен үндес.
Семейліктер Русланды ТВК-6 телеарнасының жаңалықтар жүргізушісі, Ютюб-арнасында Семей (бұрынғы Семипалатинск) архитектурасының тарихы туралы қысқа видеолар түсіретін блогер, бірақ одан да бұрын суретші ретінде жақсы біледі. Ал ол өзінің шығармашылығын былай сипаттайды:
«Мен – журналист әрі суретшімін. Қазақстанның Семей қаласында ғұмыр кешемін. Ескі үйлерді қағаз бетіне түсіремін».
Сол туралы Руслан өнер жанашырларымен өткен кездесуде әсерлі әңгімелеп берді. Оны не шабыттандырады, суреттері қалай туады, Семейдің қай бұрыштары жүрегіне ерекше жақын — осының бәрімен ол ықыласпен бөлісті. Оның еңбектерінен жылы леп еседі, олар көрермен көңіліне тыныштық пен мейірім сыйлайды. Махаббатпен салынған суреттер — сол махаббатты тамашалаушының жүрегіне де ұялатады. Бұл сезім сол кездесудің өзінде-ақ анық байқалды.
Сондықтан да тыңдармандарынан осындай жүрекжарды пікірлер естілді:
«Бүгінгі Руслан Шақабаевпен өткен кездесу менде ерекше әсер қалдырды. Оның жұмыстары — жүрекке жақын, мағыналы әрі шынайы эмоцияларға толы. Әсіресе мен үшін қымбат, себебі суреттерінде “таткрайдың” лебі бар. Мен өзім Қазан қаласынанмын, ол жақта да татарлар қоныстанған тарихи слобода бар. Русланның картиналарына қарасам, еріксіз туған қалама ораламын.
Жергілікті суретшілердің құндылығы — олар қаланы ішінен сезінеді. Оның көшелері, тыныш бұрыштары, тарихы — бәрі де оларға ыстық. Туған жерге деген сол қамқорлық пен сүйіспеншілік Русланның әр туындысында анық сезіледі.
Осындай жылы жүзді, рухани кешті ұйымдастырғаны үшін Невзоровтар музейіне алғыс айтамын. Бұл кездесу мен үшін тағы бір себеппен есте қаларлық болды — мен ашықхат ұтып алдым. Енді ол осы әдемі кештің естелігі ретінде сақталады» — Дилянур Ахунжанова
«Мен Русланның шығармашылығына баяғыдан бері ғашықпын. Оның суреттерінен туған жерге деген махаббат, жантың тыныштығы мен жылылық сезіледі. Бұрын мен оның Достоевский музейіндегі көрмесіне барған едім, бірақ, өкінішке қарай, алғашқы күні бара алмадым да, автордың өзімен жүздесудің сәті түспеді. Ал бүгін, Өнер сүйер қауымы клубының арқасында, ол мүмкіндік туды. Сөйтсем, суретшінің өзі де туындылары секілді — жан дүниесі нәзік, қарапайым, кішіпейіл жан екен. Неткен шынайы, жүрекке жылы кездесу болды! Бұған дейін мен оның Инстаграм парақшасын қуана тамашалайтынмын, ал бүгін енді YouTube арнасына да кіріп, шебердің жаңа дүниелерін көргім келіп кетті.
Руслан, бүгінгі кездесу үшін үшін сізге зор алғыс айтамын!
Жаңа маусымды осындай керемет суретшіден бастаған музей ұжымына да алғысымды білдіремін» – Третьякова Елена Борисовна.
«Кездесу ерекше жылы өтті: әңгіме арасында аталған сүйікті орындар, құрметке лайық адамдардың есімдері жүрекке сондай жақын екен. Сол сәтте адам, бейнебір, тереңінен бір түзу рухани діңгекті сезінгендей болады да, өз-өзіңнен еңсеңді тіктегің келеді.
Ұйымдастырушыларға алғыс, Русланға ғажайып туындылары үшін мың рақмет. Ютюбтағы арнасын тауып, бірден жазылып алдым». – Максим.

Scroll to Top