Музейдің балалар көркемсурет студиясының тәрбиеленушілері реставрация шеберханасына барып, суретші-реставратордың тылсымға толы еңбегімен танысты
«Реставрация шеберханасы» деген жазуы бар есіктің ар жағында не бар екені кімге де болса қызық! Ол жерде бір тылсым дүние болып жатқандай. Құпияға толы есікті ашып, ішіне үңілгің келеді-ақ…
Ал бүгін бұл мүмкін болды! Шеберхана есігі айқара ашылып, балалар ішке кіріп, жан-жағына көз жүгіртті. Түрлі сауыттар мен құтылар тізілген тосын шкафтарды тамашалап, қабырғаларда ілулі тұрған беймәлім құралдарға қызыға қарап, суретші-реставратордың күнделікті еңбегі жайлы әсерлі әңгімелерді тыңдады.
Осы шеберханада талай өнер туындысының ғұмырын ұзартып жүрген Ольга Олеговна Рубинчик балаларға реставратор мамандығының қыр-сырын таныстырды. Бұл кездесу жас суретшілер үшін ерекше танымды әрі пайдалы болды. Өйткені олар картина салуды ғана емес, өнер туындысының ғұмырын сақтап қалудың жолдарын да білуі керек. Себебі кескіндеме де тірі ағза секілді: ол уақыт өте келе ескіріп, сырқаттанып, тіпті жойылып кетуі мүмкін. Осындай сәтте өнер туындысын аман алып қалатын маман — реставратор.
Қызық екен, солай емес пе? Ендеше, балалармен бірге реставрация шеберханасына біз де кіріп көрейік!
#НевзоровтарМузейі #Реставрация


