Бейнелеу өнеріндегі еңбек адамының бейнесі
Қыркүйектің соңғы жексенбісінде елімізде Еңбек күні аталып өтеді. Осы мереке қарсаңында Абай облысының Невзоровтар отбасы атындағы облыстық бейнелеу өнері музейі Электротехникалық және Политехникалық колледж студенттеріне арнап «Бейнелеу өнеріндегі еңбек адамының бейнесі» атты танымдық дәріс өткізді. Дәрісті музейдің эстетикалық тәрбие беру секциясының жетекшісі Ольга Андреевна Неудачина жүргізді. Дәріс барысында еңбегімен елге қызмет еткен қарапайым жандардың бейнелеу өнеріндегі көрінісі, еңбек адамының болмысы мен оның суретшілер шығармашылығындағы орны туралы әңгіме қозғалды. Ол осы тақырыпқа қатысты аса мол материал жинақтады. Жартастағы алғашқы бейнелерден бастап қазіргі заман суретшілерінің туындыларына дейін, шынайы болмысты жай ғана бейнелеуден адамның көңіл күйі мен еңбектің маңызын көркем жеткізуге дейінгі сан алуан шығармалар қамтылды. Әр дәуір суретшілері еңбек тақырыбына өзінше үн қосты. Өнер біздің заманымызға жақындаған сайын еңбек тақырыбының үні де күшейіп, бояуы қанығып, көркемдік мәні тереңдей түсті. Брейгель мен Шарденнің, Курбе мен Милленің картиналарында, орыс «Передвижниктерінің» картиналарында, кеңестік дәуір суретшілерінің шығармаларында еңбек сан қырынан көрініс тапты: бірде ауыр да қажырлы, адамды титықтатар тіршіліктің бейнесі болса, енді бірде шабытқа бөлейтін, ерлік пен қайсарлықты паш ететін биік сипатта суреттелді. Музей залына 70-тен астам студент жиналды. Болашақ жолын жұмысшы кәсіптерімен байланыстыруды таңдаған бұл жастар үшін дәріс ерекше әсерлі кездесу болды. Олар еңбектің тек күнделікті міндет немесе қажеттілік қана емес, адамның өз бойындағы мүмкіндігін танытып, одан қуаныш табуына, өз еңбегі арқылы болашаққа із қалдыруына мүмкіндік беретін үлкен құндылық екенін сезінді. #НевзоровтарМузейі#ЕңбекКүні #ЕңбекАдамы #БейнелеуӨнері #Өнер #Дәріс #Семей #АбайОблысы #Музей #Студенттер #Еңбек #Мәдениет


