Алғашқы суреттерден болашақ мамандыққа дейін
Бір кездері олар музей табалдырығын алғаш рет аттады. Сол жерде тұңғыш рет картиналарды көріп, бұрын тек әдемі немесе өзгеше деп қабылдаған шығармалардың сырын тануға ұмтылды. Қолдарына алғаш рет қарындаш пен қылқалам алып, бояулармен жұмыс істей бастады. Осылайша көргені мен сезгенін өз өнері арқылы жеткізудің өзіндік жолын іздеді.
Жылдар сырғып өтті. Алғашқы талаптанып салған суреттер, сәтті шыққан туындылар мен қайта түзетуді қажет еткен жұмыстар, ізденістер мен жаңалықтар, талай сағаттық маңдай тер — осының бәрі олардың шығармашылық жолының бір бөлігіне айналды. Ал биылғы жазда осы жолдың маңызды бір белесі басталды. Музейдің жас түлектері өздерінің болашақ мамандығына алғашқы қадамдарын жасады.
Абай облысының Невзоровтар отбасы атындағы облыстық бейнелеу өнері музейінің балалар көркемсурет студиясында жаңа оқу жылы басталды. Балалардың бірі студиямен енді танысып жатса, енді бірі сүйікті ісімен айналысуын жалғастыруда. Ал кейбір түлектер өнерге деген қызығушылығын болашақ мамандығына айналдыру үшін университеттер мен колледждерге жол тартты.
Түлектер үшін бұл жаз ерекше толқынысқа толы болды. Шығармашылық сынақтар, нәтижелерді асыға күту, мамандық таңдау, оқуға түсу… Мұндай сәттерде студия педагогі Ольга Андреевна Неудачина да шәкірттерімен бірге толқыды. Өйткені шәкірттерің үлкен өмірге қадам басқанда, олардың қуанышын бірге бөліспеу, нәтижесін күтпеу, әрбір сүйінші хабарға бірге қуанбау мүмкін емес. Кеше ғана мольберт алдында отырған шәкірттер бүгін өз болашағына қарай алғашқы қадамдарын жасап келеді. Ал олардың өнерге деген алғашқы қадамы осы студиядан басталған еді.
Енді біздің түлектеріміздің алдында сан тарау шығармашылық жол ашылды.
Олардың бесеуі сәулет өнерін, кеңістік пен қаланың тынысын қалыптастыратын мамандықтарды таңдады. Екатерина Логвиненко оқуын Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясында (ҚазБСҚА) «Тұрғын және қоғамдық ғимараттардың сәулеті» мамандығы бойынша жалғастырады. Аделия Искакова Торайғыров университетінде сәулет және құрылыс саласын меңгермек. Ал Регина Рахманова осы университетте «Урбанистика және қалалық ортаны дамыту» бағытын таңдады. Данис Сиразитдинов білімін Қ. И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің Т. К. Басенов атындағы Сәулет және құрылыс институтында жалғастырады. Бәлкім, олардың болашақ жолы дәл осы музейдегі алғашқы сызықтардан басталған шығар. Қағаз бетіндегі сызық бір күні ғимараттың сызбасына, кеңістік туралы ой қала келбетіне айналады.
Өйткені сәулет — қиял мен дәлдіктің тоғысқан тұсы. Мұнда суретшіге тән көркем ойлау математикалық есеппен, терең біліммен және адамдар өмір сүретін кеңістік үшін үлкен жауапкершілікпен астасады.
Ал басқа түлектер болашағын дизайн мен визуалды өнерге байланыстырды.
Виктория Хусаинова Алтай мемлекеттік университетіне «Салалар бойынша кәсіби оқыту: дизайн» бағыты бойынша оқуға түсті. Богдана Корниенко Томск мемлекеттік университетінде графикалық дизайнды меңгермек. Элеанора Гейст Жоғары бизнес және сервис колледжінде өнеркәсіптік өнім дизайны мамандығын таңдады. Ал София Подвязная Санкт-Петербург мемлекеттік университетінде кино және теледидар суретшісі мамандығы бойынша білім алады. Бағыттары бөлек, міндеттері әртүрлі, таңдаған жолдары сан алуан. Бірақ олардың әрқайсысының бастауында студияда қалыптасқан бір негіз бар: көре білу, сезіне білу, байқай білу және өз қолыңмен жаңаны жасай білу.
Бір кездері қағаз бетінде пайда болған алғашқы сызықтар енді олардың болашақ кәсібіне бастайтын жолға айналып келеді.
Көркемсурет студиясы үшін бұл — бұрынғы шәкірттері туралы жай ғана жақсы жаңалық емес. Олардың оқуға түсуі — студияның абыройы мен мақтанышы. Бұл — ең алдымен балалардың өз еңбегінің, ата-аналарының қолдауының және талай жыл бойы қастарынан табылып, бағыт-бағдар берген, демеп, жігерлендірген, өз көзқарасынан қорықпауға үйреткен ұстаздың еңбегінің жемісі.
Ең қуаныштысы — бұл тарихтың мұнымен аяқталмайтынын ойлау.
Бір күні олардың жобасымен бой көтерген ғимаратты қалалардың бірінен көріп қалуымыз мүмкін. Өз қолдарымен жасаған бұйымды күнделікті өмірде пайдалануымыз, олардың графикалық жұмыстарын кездестіруіміз немесе фильмнің титрларынан суретші ретінде есімдерін көруіміз мүмкін. Сонда біз жүрек толқынысымен: «Бұл — біздің түлектеріміз», — дей аламыз.
#НевзоровтарМузейі#КөркемсуретСтудиясы #БалаларӨнері #Түлектер #ОқуғаТүсу #Сәулет #Дизайн #Шығармашылық #Семей #АбайОблысы








