Абай туған құт мекенім

8 тамыз күні Абай облысы, Семей қаласындағы Невзоровтар отбасы атындағы облыстық бейнелеу өнері музейінде суретші Нұрбұлан Өтепбаевтың «Абай туған құт мекенім» атты көрмесі ашылды. Бұл жай ғана кезекті көрме емес, ерекше мәнге ие маңызды мәдени оқиға. Ол тамыз айының басында бүкіл Қазақстан мәдени қауымдастығын біріктірген, әлемнің түкпір-түкпірінен келген қонақтардың назарын аудартқан ауқымды мерекенің – Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуына арналған салтанатты шаралардың бір бөлігі болып табылады.

Семей (Семипалатинск) ұлы ақынның тағдырымен терең байланысқан мекен. Ол осы қаланың көшелерімен жүріп, халқының тұрмыс-тіршілігімен танысты, тұрғындарымен тілдесіп, емін-жарқын әңгімелесті. Осында жүріп кітап оқыды, әлемдік мәдениетті таныды, шығармашылықпен айналысты… Сол бір алыс уақытта ол Нұғыман атты жасөспіріммен кездескен еді. Осы бозбала кейіннен Семейдің жарық жұлдыздарының бірі болған суретшінің әкесі атанды. Жас күніндегі сол ғажайып сәтті, Абайдай алыппен болған әсерлі жүздесуді, жүрегіне ұялаған терең сезімді ол баласына аманат етіп жеткізді. Ал өнер дарыған ұл – ой мен сезімді көркем бейнелер арқылы жеткізе алатын суреткер – сол әсерлерді өз шығармашылығына арқау етіп, көрерменге жеткізеді. Осылайша ол өткен мен бүгіннің арасын жалғаған көзге көрінбес нәзік жіп тартқандай болды. Оның туындысы арқылы уақыттың өзі тоқтап, ұлы рух мәңгілік болмысымен тарих сахнасында қайта тірілгендей әсер қалдырды.

Бұл суретші – Нұрбұлан Нұғыманұлы Өтепбаев. Өкінішке қарай, бүгінде ол арамызда жоқ. Алайда көрменің ашылу салтанатына оның ең жақын адамдары – жұбайы мен балалары келіп қатысты. Олар жүректен шыққан жылы лебіздерін айтып, естеліктерімен бөлісті. Суретшінің отбасы көрмеге шебердің жеке мұрасынан да бірқатар жұмыстарын алып келген. Дегенмен қазіргі көрме залдарында ұсынылған туындылардың негізгі бөлігі – музей қорындағы шығармалар. Мұнда тек Абайдың бейнесі ғана емес, оның қасында қатар жүрген, өмір жолын өрнектеген тұлғалардың келбеті де бар. Бірақ ең бастысы – бұл туындыларда ақынды дүниеге әкелген киелі жердің, оны адам етіп қалыптастырған халықтың рухы бейнеленген. Бұл рух – дала тіршілігінің нақты да шынайы көріністерінен, адамдардың жүзінен, табиғаттың тыныш бір сәтінен, әрбір шеберлікпен тартылған сызықтан, тамшыдай төгілген акварель бояуынан, ою-өрнектің әрбір нәзік иірімінен анық сезіледі.

Тушьпен, акварельмен, акрилмен, темперамен салынған түрлі техникадағы туындылар – тірі бейнелер, портреттер мен пейзаждар, халықтық ою-өрнектің шебер түрленістері – жай ғана көрмелік экспонат емес. Бұл – көрменің кураторы Халитова Ильвира Ахметжановна сөзімен айтқанда, «…Бұл – ой салуға шақыру. Тектілік жайлы. Рухани мұра жайлы. Бізден бұрын өмір сүргендермен де, киелі топырақпен де байланысты жоғалтпау – бәріміз үшін аса маңызды».

Scroll to Top