Аспан тынысы
Абай облысындағы Невзоровтар отбасы атындағы облыстық бейнелеу өнері музейінде қорда сақталған кескіндеме және графика туындыларынан құралған жаңа көрме ашылды. «Аспан тынысы» деп аталатын бұл көрменің атауының өзі жеңіл де әсем естіліп, адамзат баласының төбесінен төніп, тіршілігіне ықпал ететін шетсіз-шексіз көк әлемнің ғажайып сұлулығы мен айбарлы ұлылығын, бояулардың нәзік толқынысы мен жан тебіренісін бойына сыйдырады.
Ежелден адам баласы аспанға көз тігіп, оның тылсым сырын танып-білуге ұмтылған. Жұлдыздарға қарап жол тапқан, соларға бағдар түзеп, тіршілігінің тынысын үйлестірген. Аспанды қасиетті күшке балап, оның жаратылыс құдіретіне сенген, сан құбылған қалпы мен қайталанбас көркіне сүйсінген. Бірде сұсты да айбарлы кейіпке еніп, найзағайлы дауылдың хабаршысындай қара бұлттарға тұнса, бірде жеңіл де мөлдір қалпында тұңғиық көгілдір нұрын төгеді. Ал кей сәтте қою бұлттарға оранып, бейнебір тылсым әлемнің құпия мекеніндей жұмбақ күйге енеді. Аспан адамзат үшін қашанда шешілмес жұмбақ, таусылмас шабыттың қайнар көзі болды. Оны ақындар жырға қосты, композиторлар әуенге айналдырды. Ал суретшілер үшін аспанның орны тіпті бөлек еді — оның шексіз кеңістігі мен сан алуан құбылысы қылқалам шеберлерін әрдайым өзіне баурап, шығармашылық қиялын тербеді.
Бір кездері ағылшын кескіндемешісі Уильям Тёрнер: «Әрбір пейзаж суретшісінің өз аспаны болуы керек», – деген екен. Бұл – талассыз ақиқат. Ал бүгінгі көрме осы сөздің терең мәнін көзбен көріп, жүрекпен сезінуге мүмкіндік береді. Г.Е. Макаров пен В.А. Христолюбовтың картиналарында аспан төрін мамықтай ақша бұлттар кезіп жүр. Шексіз кеңістікке көз салсаң, табиғаттың асқақ та айбынды болмысы, әр бөлшегі өзара үйлесім тапқан тұтас бір ғаламның тынысы сезіледі. Ал В.В. Протопопов пен Ш.Г. Абдулганиевтің туындыларында аспан қорғасындай ауыр бұлттарға тұнған. Көкжиектен жақындап келе жатқан дауылдың ызғары сезіліп, табиғаттың өзі демін ішіне тартып, төнгелі тұрған дүлей күшті үнсіз күткендей. Бар тіршілік бір сәтке тына қалып, қара бұлттың ар жағындағы найзағайды тосады. Бірақ жарық қашанда түнекті жеңеді. В.И. Третьяков пен А.А. Шевченконың полотноларында аспан қайта ашылып, тыныштық пен мамыражай күйге бөленеді.
Көрме көрермен жанын ерекше толқынысқа бөледі. Пейзаж өнерінің адамды мұншалықты терең баурап, жүрек қылын тербетуі жиі кездесе бермейді. Ал бұл көрмеде әрбір картина айрықша ыждағатпен іріктеліп, әр туындының тынысы мен сыр-сезімі терең сезініп, көрменің жалпы көркемдік ырғағымен астастырыла таңдалған. Сондықтан да мұндағы картиналардың барлығы біртұтас тіршілік иесіндей, бір ырғақпен тыныстап тұрғандай. Бейнебір олардың әрқайсысымен бірге аспанның өзі де дем алып, сыр шертіп тұрғандай әсер қалдырады.
#МузейНевзоровтар #Семей #АбайОблысы #АспанТынысы #Көрме #Кескіндеме #Графика #Пейзаж #ҚазақстанӨнері #ҚазақстанМузейлері










