Өнерсүйер қауым клубы өз жұмысын қайта жалғастырады
Абай облысы, Семей қаласында орналасқан Невзоровтар отбасы атындағы облыстық бейнелеу өнері музейінде ерекше әсерге бөлейтін, келушілерге бұрыннан таныс музей залдары мен ондағы өнер туындыларын жаңа қырынан тануға мүмкіндік беретін кездесулер бар. Бұл – Өнерсүйер қауым клубының басқосулары. Клубтың құрылғанына биыл алты жыл толды. Клуб мүшелері осы жылдар ішінде мәдени өмірдің сан алуан тақырыбын қозғап, өнердің түрлі салалары төңірегінде пікір алмасты. Кездесулер кескіндеме мен суретшілер шығармашылығымен ғана шектелмей, музыка, театр, балет, тарих, поэзия және кино өнерін де қамтыды. Басқосулардың форматы да әр алуан болды: танымдық дәрістер, музыкалық кештер, шеберлік сабақтары ұйымдастырылды. Әр кездесу тың тақырыпқа жол ашып, жаңа мәліметтермен танысуға, өз ой-пікірлері мен алған әсерлерін ортаға салуға мүмкіндік берді.
Клуб мүшелері музей көрмелерінің тұрақты көрермендеріне айналып, музейде ұйымдастырылатын түнгі мәдени шараларға да үнемі қатысып отырды. Олар көрмелер мен іс-шараларды тамашалап қана қоймай, алған әсерлерін өзара бөлісіп, көргендері жайында достары мен таныстарына әңгімелеп, жаңа адамдарды да клубпен танысуға шақырды. Осылайша, уақыт өте келе клуб ортақ қызығушылық тоғыстырған шағын қауымдастыққа айналды. Мұнда өзіне тән ерекше орта қалыптасып, дәстүрлер орнықты, өзіндік тарихы да жазылды. Клуб мүшелерінің еске алар сәттері, әңгімелеп берер оқиғалары, жаңадан қосылған қатысушылармен бөлісер тәжірибесі мол.
Алты жыл – өткенге көз жүгіртіп, жеткен жетістіктерді саралайтын ғана емес, алдағы даму бағытын айқындайтын да маңызды кезең. Сондықтан жаңа маусымнан бастап Өнерсүйер қауым клубы жұмысын жаңаша форматта жалғастырмақ. Музей клубтың басты құндылықтарын – еркін пікір алмасу мен жылы жүздесулердің ерекше атмосферасын, кездесулерден алатын қуанышты және жаңа білім мен тың ақпаратқа қол жеткізу мүмкіндігін сақтай отырып, бағдарламаның мазмұнын жүйелеп, оның танымдық әрі ағартушылық бағытын күшейтуді мақсат етеді.
Енді клуб кездесулерінің тақырыптары бірнеше жылға арналған ортақ бағдарлама аясында біріктіріледі. Оның қатысушылары өнердің даму жолын біртіндеп зерделеп, алғашқы қауымдық дәуірдегі бейнелерден бастап кейінгі тарихи кезеңдерге дейінгі өнер эволюциясын бақылай алады. Сонымен қатар негізгі көркемдік бағыттармен, көрнекті туындылармен және есімдермен танысып, өнердің уақыт өте келе қалай өзгергенін және бұл өзгерістерге қандай факторлар ықпал еткенін түсінуге мүмкіндік алады. Ал кездесулердің бұрыннан қалыптасқан сан алуан форматтары өз жалғасын табады.
Алайда 2026–2027 жылдардағы маусымның басталуы айрықша оқиғамен есте қалды. Клубтың жаңа бағдарламасы сәл кейінірек басталғанымен, алғашқы кездесу музей тарихындағы аса маңызды, тіпті айтулы оқиғаға арналды. Бұл – музей орналасқан ғимаратты салдырған семейлік көпес Фёдор Степанович Степанов пен оның отбасы мүшелерінің келбетін жақында ғана анықтау оқиғасы еді. Кездесуді музей директорының ғылыми және әдістемелік жұмыстар жөніндегі орынбасары Ильвира Ахметжановна Халитова жүргізді.
Өнерсүйер қауым клубы өз тарихындағы жаңа кезеңді бастайды. Алда бізді өнердің әр дәуіріне саяхат, тың ізденістер мен жаңалықтар, қызықты пікір алмасулар және рухани үндестігі бар жандармен жаңа кездесулер күтіп тұр. Клубымыздың тұрақты мүшелерін де, бізге жаңадан қосылғысы келетін өнер жанашырларын да қуана қарсы аламыз! Егер өнерге қызығушылық танытып, жаңа білім алуға, көргеніңіз бен көңілге түйгеніңізді ортаға салып, пікір бөлісуге әрі жақсы ортада тағылымды уақыт өткізуге ниетті болсаңыз, ортамызға қош келдіңіз! Өйткені өнер туралы әңгіме ешқашан таусылмайды, ал бізде әрдайым бөлісер ой мен талқылар тақырып табылады.






