“Жер-Ана құшағында” атты көрме ашылды
Наурыз мерекесінің алдында Невзоровтар отбасы атындағы бейнелеу өнері музейінде «Жер-Ана құшағында» атты көрме ашылды. Көрме жылылық пен жайлылыққа толы, көрерменді табиғаттың ғажайып әлеміне жетелейді.
Адам мен қоршаған әлем арасындағы байланыстың әрдайым берік болары жөнінде ойланасың. Дегенмен, қазіргі заман адамын әйнекпен қапталған ғимараттар, зеңгір аспанға қарай ұмтыла бой көтерген құрылыс нысандары мен ұзын қашықтарға созылып жатқан асфальт жолдары қоршап алған… Бұл ыңғайлы, өмірді жеңілдетеді, бірақ табиғаттан алыстатады. Өмірдің өзі — табиғат емес пе? Технология мен жылдам прогресс дәуірінде көп адамдар электроникадан көз алмай, айналасындағы әлемге бір сәт көз тоқтатып қарауды, оның әрбір бөлшегіне бойлап, терең қызығушылықпен сезінуді ұмытуда. Көктемде табиғатқа тамсану әсіресе маңызды. Жерге төселген кілемдей жасыл шөп жаңадан шығып, гүлдер жайқалып, ауа райы мен адамдардың көңіл-күйі өзгерген кезде, қалың киімдер шкафта қалып, ал олардың иелері енді ауыр пальтолар мен пуховиктерге оралмай, жеңіл киіммен серуендеу рахатын сезінуде…
Музей қорының көрмесі көрермендерге көктемнің Қазақстан жеріне келуін көрсетеді. Әрбір туындыда көктем өзіне ғана тән нәзік, ерекше көрінісін ашады. Адам көктемгі табиғатқа тамсанған сайын рухы сергіп, шабытқа бөленеді. Кейбір кенептер көрерменді өзінің жылы жұмсақ бояуларымен жылулыққа бөлейді, ал кейбірі даланың мұңдылығымен, аласапыран бұлттардың ұлылығымен таң қалдырады. Алып тауларға қарап, сіз күш-қуат аласыз, ал көз жанарыңызды алыс шыңдардан тайдыра алмайсыз…
Көрмеде Ш.Ғ. Абдулғаниев, У.Д. Исмаилов, Т.Р. Жұбанышев, И.Е. Квачко, Д.Р. Калачев, С.В. Леонтьев, М.Қ. Жүнісов, Ю.В. Камелин, В.Г. Осипов, В.А. Христолюбов, Б.К. Исин, В.В. Протопопов, А.Г. Кениг, А.Д. Несина, В.И. Третьяков, М.И. Авксентьева, Г.Е. Макаров, Қ.-Ғ.Н. Қаржасов, В.А. Книжников, Р.И. Бухарметов, Ж.Х. Наурузова мен В.М. Фролованың туындыларымен таныса аласыз.
Бұл шеберлердің әрқайсысы әртүрлі жанрда еңбек етіп, әрқайсысы туған жерінің бейнесін өз туындыларында мәңгілікке қалдырған.









