1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні!
«Бір халық — сан алуан үн»
Қазақстан халқының бірлігі күні — еліміздегі татулық пен келісімнің, сан алуан мәдениеттің үйлесім табуының айқын көрінісі.
Қазақстан — көптеген этностардың ортақ шаңырағы.
Невзоровтар отбасы атындағы бейнелеу өнері музейі қорында қазақ, орыс, татар, украин, неміс, кәріс және басқа да ұлт өкілдерінің бірегей туындылары жинақталған. Бұл бай мұра әр кезеңдегі суретшілердің шығармашылық ізденістерін айқын көрсетіп қана қоймай, ұлттық нақыш пен жалпыадамзаттық құндылықтардың үйлесімді тоғысын терең сезінуге мүмкіндік береді. Соның бірі шығармалары ұлттық мәдениеттің символына айналған көрнекті қылқалам шебері Әбілхан Қастеевтің «Таулы пейзаж» атты туындысы қазақ табиғатының сұлулығын шынайы әрі әсерлі бейнелеуімен ерекшеленеді. Ал татар бейнелеу өнерінің көрнекті өкілі Баки Урманченің «Абай портретіне эскиз» жұмысы ұлы ойшылдың терең болмысын ашуға бағытталған шығармашылық ізденістерінің бір көрінісі ретінде құнды.
Осы көпқырлы көркемдік үрдісті жалғастыра отырып, Ленинград блокадасынан кейін Алматыға қоныс аударып, Қазақстанда мәңгі қалып, Қазақфильмнің бас суретшісі болған еврей ұлтының өкілі Павел Зальцман «Мазарлар маңында» және «Ботагөз» кинофильміне арналған эскиздері арқылы кеңістік пен уақытты философиялық тұрғыда зерделейді. Ал корей текті суретші Владимир Шин 1937 жылы Қиыр Шығыстан корейлерді депортациялау тұсында Қызылорда облысына қоныстанып, кейін Қазақстанның бірнеше қалаларында мекендеп оның ішінде 40 жыл ғұмырын Семейде өткізіп қаланың көркемөнер өміріне белсене қатысады. Аяқ киім фабрикасының жұмысшысы бейнеленген «Жаңбырбаевтың портреті» картинасында басты кейіпкер тегіс бейтарап фонда берілген, бұл жалпы образға айрықша салмақтылық пен құндылық дарытады. «Кешкі пейзаж» туындысындағы нәзік колорит күн мезгілінің ауыспалы жағдайын айқын көрсеткен. Келесі кезекте, Украина тумасы Мария Лизогубтің «Құмғаны бар натюрморт» жұмысы қарапайым тұрмыстық заттар арқылы ұлттық болмыс пен әсемдікті сезіндіреді. Ал неміс ұлтының өкілі Владимир Гофман «Жол» және «Алма» туындыларында күнделікті өмір көріністерін терең мазмұнмен бейнелеп, көрерменді ойға жетелейді.
Бұл суретшілердің шығармаларында жерге, елге деген сүйіспеншілік, табиғаттың әсемдігі, адам өмірінің түрлі қырлары көрініс табады. Олар алуантүрлі стильдер, техникалар және көркемдік тәсілдермен ерекшеленеді.
Қазақстан мәдениетінің дамуына өзіндік үлес қосып, ұлттық өнердің көкжиегін кеңейтеді.
Музей қорында жинақталған бұл туындылар тек тамашалау ғана емес, сонымен қатар халықтар арасындағы достық пен өзара құрметті дәріптейтін маңызды мәдени мұра. Ол әрбір көрерменге еліміздің басты құндылығы — бірлік пен келісім екенін тағы бір мәрте еске салуға мүмкіндік береді.











