Ана — шексіз мейірімге толы ғалам.
Ана — адамның жарық дүниеге ашылған алғашқы есігі ғана емес, бүкіл ғұмырының шуағы. Адам бұл өмірдің мейірімін де, жылуын да, алғашқы қуанышы мен алғашқы мұңын да Ана жүрегі арқылы сезінеді. Ол балалықтың бесігін тербеткен аялы алақан, жастықтың сенімін бекіткен сүйеніш, есейген шақта жанға медет болатын сағыныш. Әр адамның Анасы — өз алдына бір әлем. Ешкімге ұқсамайтын, ештеңемен өлшенбейтін қымбат әлем. Оның жанары — тыныштық, үні — жұбаныш, құшағы — дүниедегі ең қауіпсіз мекен. Ана бар жерде жүрек тоңбайды, үміт үзілмейді. Ана — жан жарасын үнсіз емдейтін қасиетті мекен іспетті. Сондықтан адам анасын көзінің қарашығындай сақтауы керек. Себебі анадан айырылу — тіршіліктің бір шырағы сөнгендей, кең дүниеде панасыз қалғандай күй. Сонда ғана адам Ананың мейірімі тұтас ғаламның жылуындай екенін терең сезінеді.
Бүгінде мұны тек отбасы ғана емес, тұтас қоғам да терең түсінеді. Ананың орны мен мәртебесі мемлекет тарапынан да айрықша құрметке ие. Осы себепті 2012 жылы Қазақстанда Аналар күні ресми түрде бекітілді.
Невзоровтар отбасы атындағы облыстық бейнелеу өнері музейі де бұл мерекеге ерекше ықыласпен үн қосты. Музей қызметкерлері Отбасын қолдау және тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсету орталығының қамқорлығындағы жандармен бірге Аналар күнін шығармашылық пен шабытқа толы әсерлі шара арқылы атап өтті. Қатысушылар ықыласпен сурет салып, өздерінің қайталанбас ғаламындағы қиял планетасын бейнеледі. Сонымен қатар олар бейнелеу өнеріндегі тосын әрі әсерлі тәсілдердің бірі — тұзды акварель техникасымен танысты. Өмірдің тәнге де, жанға да салған жарасын сезініп үлгерген бұл нәзік жандар мен балалар үшін шығармашылықтың орны ерекше еді. Өйткені өнер — адамның ішкі жан дүниесіндегі көзге көрінбейтін жараларды емдеп, жүрекке тыныштық сыйлайтын, адамға еркін тыныстауға мүмкіндік беретін шипалы күш.
Музей қызметкерлері Шинжина Лаура Вахаевна мен Абешова Жанар Жумагазиновна тренинг қатысушыларына жұмыс кезеңдерін, осы ерекше көркем техниканың қыр-сырын таныстырып, шығармашылық үдеріс барысында бағыт-бағдар беріп, көмектесіп отырды. Нәтижесінде әрқайсысы қайталанбас, өзіндік болмысы бар туындылар өмірге келді. Әрбір жұмыстан автордың арман-тілегі мен көңіл күйі, жан дүниесінің нәзік сәулесі мен ішкі жылуы айқын сезілді.
Last updated on 14 мая, 2026 at 12:06 пп









