Spread the love

«Баба Тамараның анекдоттары» Невзоровтар музейінде: естелік, отбасы және мұра туралы перформанс.

Невзоровтар отбасы атындағы облыстық бейнелеу өнері музейінде  Камилла Шиннің иммерсивтік перформансы көрсетілді. Ол – «Makan» көркем бірлестігінің Biz Tarihta (Біз тарихта) арт-зертханасының қатысушысы. Мұнда музей жеке отбасы тарихының көркемдік тілде көрініс тапқан кеңістігіне, ал көрермендер – ұрпақтар арасындағы тыныш әрі жылы диалогтың қатысушыларына айналды.

Баба Тамараның анекдоттары – Камилланың зерттеуінен туған жоба. Ол өз әжесімен әңгімелесіп, отбасының архивтерін, ескі фотосуреттер мен тұрмыстық оқиғаларды жинады. Осы естеліктер негізінде суретші перформанс жасап, әжесінің образын өз бойына сіңіріп, оның сөйлеу мәнерін, жас кезіндегі сезімдерін қайта тірілтті. Қойылым қысқа болса да, Камилла үйдегі мерекелік көңіл-күйді қайта құрды: дастарқанды жайып, көрермендерді шақырып отырғызды, торт кесті, шай құйып, қонақтарды ортақ естеліктің бір бөлшегі болуға тартты. Ерекше сәттердің бірі – әжесінің еске алатыны мәдениет үйлеріндегі өмірдің маңызды бөлігі болған би болды. Камилла оны қайта жаңғыртып, өткеннің жылулығы мен уақыттың нәзік сәттерін көрермендерге жеткізді.

Перформативті бөлім аяқталған соң қонақтар дастарқан басында қалып, Баба Тамараның әңгімелерінен құралған, жиырма минуттан сәл ғана асатын аудиоспектакльді тыңдай алды. Телефонды алып, QR-кодты сканерлеген әрбір адам әженің сан қилы хикаяларын естіп, оларды өз ішкі түйсігімен, жеке сезімі арқылы қабылдауға мүмкіндік алды.

Невзоровтар музейінде өткен көрсетілім музейдің тек мәдени мұраны сақтаушы ғана емес, сонымен бірге заманауи көркемдік тәжірибелерге ашық кеңістік ретіндегі маңызды рөлін айқындай түсті. Камилла Шиннің перформансы музей миссиясымен табиғи үйлесіп, өткен мен бүгіннің, жеке тағдыр мен ортақ мәдени тәжірибенің арасындағы нәзік әрі мазмұнды диалогты жалғастырды.

Last updated on 22 декабря, 2025 at 12:12 пп

Scroll to Top