Біздің студия оқушылары қорытынды көрмеге дайындық үстінде!
Музей жанындағы Балалар көркемсурет студиясында қазір ерекше шығармашылық кезең. Қабырға бойына сүйелген суреттер, терезе алдында кепкен бояулар, өзіне лайық раманы «таңдап» жатқан суреттер… Кейбір туындылар бастапқы ойдан мүлде жаңа сипатқа ие болуда.
Бірақ мұның бәрі бекер емес — олар көрмеге дайындалуда.
Қазір студия ерекше шығармашылық ырғақпен өмір сүріп жатыр: біреу суретінің ең шетіне болар-болмас бөлшек қосуда, енді бірі жұмысын кенет төңкеріп қарап, оның жаңа қырын ашады, ал тағы біреулер суретке алыстан үнсіз үңіліп, оның ішкі үнін тыңдағысы келгендей, жетпей тұрған бір нәзік сезімді іздейді. Кейде сурет күтпеген жерден өзгеріп, авторының өзін де таңғалдырады.
Көрме – тек дайын жұмыстардың жиынтығы емес. Ол – ізденіс, толқу, шабыт пен шығармашылыққа толы үлкен жолдың көрінісі.
Бұл көрме – соңына дейін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес дүниелер туралы.
Ертегіге ұқсас қалалар жайлы.
Тылсым жаратылыстар туралы.
Тыныштық пен шудың, түстер мен естеліктердің, өз заңдылығымен өмір сүретін беймәлім әлемдердің хикаясы.
Мүмкін, дәл сондықтан да мұның бәрі шынайы сезілетін шығар.
Балалардың қиялына жан бітіретін сан алуан көркемдік техникалар бар – майлы бояу, акрил, пастель және тағы басқа шығармашылық материалдар. Әрқайсысы суретке өз үнін, өз көңіл күйін сыйлайды.
Биыл бұл шығармашылық әлемі EA Charity Fund қорының қолдауының арқасында бұрынғыдан да кеңейе түсті. Студияда көзеші шарығы, жаңа бояулар мен түрлі материалдар пайда болып, балалардың қиялын еркін самғатуға жол ашты. Енді әр туынды бұрынғыдан да жарқын, терең әрі ерекше бола түсуде.


