Халықаралық конкурстағы жеңіс
Семей қаласындағы Невзоровтар отбасы атындағы облыстық бейнелеу өнері музейінің балалар көркемсурет студиясы – тек сурет салуды үйрететін орын ғана емес. Бұл – балғын жүректерге әлемнің сұлулығын сезінуді, қоршаған ортаға сүйіспеншілікпен қарауды, жанашырлық пен мейірімділікті ұялататын шығармашылық шаңырақ. Мұнда балалар бояу мен қылқалам арқылы өз сезімін сөйлетіп, жүрек үнін кенепке түсіруді үйренеді. Ұстаздардың осы ізгі мұраты мен табанды еңбегі жемісін берді. Соның жарқын айғағы – студия оқушысы Тілегенова Сезімнің беделді халықаралық конкурста топ жарып, бірінші орынды иеленуі. Бұл жеңіс – тек бір оқушының табысы емес, өнерге сенген ұстаз бен шәкірт жүрегінің үндестігі.
«Табиғат үнін тыңдайық!» – осылай аталған 25-ші халықаралық экологиялық сурет конкурсы өткен жылдың жазында Жапонияның Токио қаласында өтті. Конкурсқа әлемнің 72 елі қатысып, көрермендер назарына тоғыз мыңнан астам жұмыс ұсынылды. Музей студиясынан он баланың суреттері жолданған еді. Осындай ауқымды додада, сан мыңдаған туындылардың арасынан Тілегенова Сезімнің еңбегі дара шығып, бірінші орынды иеленді. Бұл – шабыт пен табандылықтың, талант пен еңбектің тоғысқан сәті еді.
Бұл жетістік – бүкіл студия ұжымының ортақ жеңісі, ең алдымен Сезімнің ұстазы – Феденёва Ольга Борисовнаның еңбегі. Сезімтал да зейінді педагог шәкірттерін шығармашылық жолында бағыттап, шеберліктің қыр-сырын үйретіп, әр баланың бойындағы даралықты танып, оны дамытуға ықпал етті. Оның жан жылуы мен ұстаздық парасаты балалардың шабытын оятып, өнерге деген сенімін нығайтты.
Ал жас суретші өз туындысы арқылы не айтқысы келді? Оның арманы өте қарапайым әрі шынайы еді: «…терезе сыртындағы әлемнің қалай өзгеретінін өз көзіммен көру. Құстардың сайраған үнін естіп, жаймашуақ күннің шуағына қуану». Ол осы сезімді соншалықты тірі, соншалықты шынайы жеткізе білді – туындысы қазылар алқасының жүрегін толқытты. Жеңісі үшін Сезім дипломмен, көрме каталогымен, құттықтау хатымен, түрлі-түсті қарындаштар жиынтығымен, өз жұмысының жиектемедегі репродукциясымен марапатталды. Сонымен қатар конкурсқа қатысушылардың суреттері енген үстел үсті күнтізбесі табысталды, оған Сезімнің де туындысы енгізілді. Конкурсқа қатысқан барлық басқа балалар ынталандыру сыйлықтарына ие болды — жеңімпаздар жұмыстарының репродукциялары бар жиналмалы күнтізбелер.
Музей студиясы мұндай ауқымды халықаралық конкурстарға алғаш рет қатысып отырған жоқ, әрі бұған дейін де бірнеше мәрте жүлделі орындарға ие болған. Балалар үшін мұндай конкурс – тек өз күшін сынау алаңы ғана емес. Бұл – жүректегі сезім мен көңілдегі толқынысты бүкіл әлемге жеткізудің, өнер тілімен сыр бөлісудің бір мүмкіндігі. Өз туындылары арқылы олар айналаны сәл де болса жарық, сәл де болса мейірімді ете алатынына сенеді. Өнерге деген сенім мен бала жүректің шынайылығы – әлемді өзгертетін ең таза күштің өзі емес пе?!









