Spread the love

Инкар Каримовамен музейдегі сырлы кездесу: шәкірттік ізденістен әлемдік сахналарға жол

Невзоровтар отбасы атындағы облыстық бейнелеу музейінде жүрекке жылу ұялатқан ерекше сәт орын алды. Бұл кездесудің шуағы жас суретшілерге шабыт сыйлап, арманның қаншалықты биікке жетелейтінін көрсетті. Музей төріне — бір кезде балауса қиялын қағазға түсіріп, қылқалам арқылы арманын бейнелеген жас шәкірт, бүгінде өнердің асқақ биігіне көтерілген дара тұлға — Инкар Каримова келді. Ол — Қазақ ұлттық өнер университетінде білім алып, өнердің алғашқы қадамдарын нықтаған, ал қанатын Франциядағы Экс-Марсель университетінің магистратурасында кеңге жайған, халықаралық сахналардың кәсіби өкіліне айналған шынайы өнерпаз. Бір кездері ол балауса қиялын суретке айналдырып, мольберт алдында үнсіз ойға шомған кішкентай шәкірт еді. Оның жанына қанат бітіріп, өнерге жетелеген алғашқы ұстазы — Ольга Андреевна Неудачина болатын. Бүгінде Ольга Андреевна Невзоровтар отбасы атындағы облыстық бейнелеу өнері музейінің жанынан ашылған балалар студиясына жетекшілік етсе, кешегі шәкірті Инкар сахнаның жарық әлемінде өз жолын тапты: ол — костюм тігеді, сахналық қойылымдарды өмірге әкеледі. Қазақстанда Инкар театр, кино мен теледидар үшін костюмдер суретшісі мамандығын меңгерсе, Франция жерінде режиссураның биігіне бойлады. Студенттік шағынан-ақ сахнаның тылсым сиқырына ғашық болған ол, бүгінгі күні жүректерді таңдандырар портфолиосын жинақтап үлгерді: алпыстан астам жоба, ондаған театрлық туынды, әрқайсысы өз алдына бір-бір тағдырды, бір-бір тарихты сыр ғып шертетін костюмдер топтамасы. Оның шығармаларының арасында қиял мен тарихты тоғыстырған ерекше топтамалар бар. Солардың бірі — «Аққулар көлі» аңызына сүйенген нәзік қанаттылар әлемі, енді бірі — қазақ даласының асыл мұрасы «Сарайшық» тақырыбына арналған көркем жинақ. Сонымен қатар, ол Астана қаласындағы Жастар театрының қойылымдарына арнап «Шәмші», «Өлі жандар», «Золушка» және басқа да көптеген спектакльдерге костюмдер жасаған. Ал Францияда ол өз қолтаңбасымен сахнаға шығарған «Манкүрт» спектаклі — оның шығармашылық батылдығы мен режиссерлік көзқарасының жарқын айғағы. Инкардың әр туындысы — терең зерттеу мен батыл көркем шешімнің үйлесімі. Кездесу барысында ол жасөспірімдермен қарапайым да шынайы тілде әңгімелесті. Костюм суретшісінің бейне жасау жолындағы еңбегі туралы, уақыт пен дәуірдің рухын, кейіпкердің мінезін дәл сезіне білудің маңызы жөнінде жүрекжарды ойларымен бөлісті: «Мен – мәңгілік қозғалыстағы суретшімін: ойланамын, жазамын, сурет саламын әрі жасаймын — театрда да, кинода да, поэзия мен бейнелеу өнерінде де. Әрбір еңбегім — үздіксіз ізденіс, өзімді білдіруге деген құштарлық. Әр жанр — менің тілім, әр бағыт — менің қолымдағы құрал» – деді ол. Жас студия шәкірттері ынтамен тыңдап, қызыға сұрақтар қойды: — Қалай түсуге болады? Сіз Францияға қалай бардыңыз? — Тілді қалай меңгердіңіз? Қиын болған жоқ па? Бөтен елде бөтен тілде оқу қандай сезім? — Театр қойылымындағы өз тәжірибеңіз жайлы айтып беріңізші. Идея қайдан туады? Жұмысқа не демеу болды? Кездесу соңында белсенді қатысушыларға шағын да жүрекке жылы естелік сыйлықтар берілді — Эйфель мұнарасының кішкентай бейнесі бар брелоктар. Бұл сыйлықтар да бір символ іспетті еді: арманға жол ашқан Париждің рухы, өнерге жетелеген шексіз кеңістіктің белгісіндей. Мұндай басқосулар — жай ғана әңгіме емес, олар балалардың жүрегінде мәңгілікке қонақтайтын өмірлік сабақтар. Инкар Каримованың жолы — Семейдің кішкентай студиясынан басталып, Францияның үлкен сахналарында қанат қаққан арманға айналған сапар. Бұл тағдырлы жол өнердің шекарасы жоқ екенін, ал ең ұлы сапардың өзі алғашқы қарапайым қадамнан басталатынын айғақтап тұр.

Scroll to Top