Петр Кончаловский «Көкөністер мен вальдшнептер»

   Музей қорында орыс авангардының жетекші суретшілерінің бірі Петр Петрович Кончаловскийдің (1876 – 1956) «Көкөністер мен вальдшнептер» шағын көркем картинасы бар. 1928 жылы француз постимпрессионистерінің шығармашылығының әсерінен натюрморт үлкен көркемдік күшпен, бай, жанды, керемет түстермен жазылған. Суретші заттардың пішінін кең сілтей жағумен, жарқын, қанық бояу түстермен шебер мүсіндейді. Бұл сурет – молшылықтың  әнұраны, өмірдің жарқын көрінісі туралы ән …

Әлемнің сезімтал сұлулығы әрқашан Петр Кончаловскийдің жұмысының шешуші белгісі болды. Ол 20-шы жылдардың басында пайда болған және өнерді жанды, жалынды, жарқын бояу реңктеріне қанықтырған «Бубновый валеттің» негізін қалаушылардың бірі болды. Өзінің ұмтылысын айта отырып, суретші: «Сол кезде бәрімізді ескірген кескіндеме өнеріне қарсы шабуылға шығу қажеттілігі біріктірді… Алайда, «бубнововалетовцев» мақсаты таңқалдыру емес еді, ең алдымен өзін, өз көзқарасын түсінікті тілде — әдебиеттік, салондық, тұманды символизм қабаттарынан босатылған кескіндеме тілінде білдіруге деген ұмтылыс…» – деп жазған.  «Бубновой валет» шығармашылығының мәнін және олардың 1910 жылғы алғашқы көрмесін Казимир Малевич анықтады — бұдан былай «кескіндеме суретшінің жалғыз мазмұны болды». Бояу реңктерінің түрлілігі, объективтілік және өрескел қарапайымдылық орыс өнеріне еніп, ең танымал жанр натюрморт болып танылды.

Суретшінің әйгілі немересі, режиссер Андрей Кончаловский: – «атам сан ет, пияз, бұрыш, шарап бөтелкелердін суреттерін жазатын. Натюрморттарға арналған классикалық жиынтық.… Үйдің ішінде осы  тірі натюрморттар, ысталған сан еттін, скипидар, майлы бояу, былғары және гудрон иістері аңқып тұратын. Ол әуесқой аңшы еді. Жақсы тамақтануды, әсіресе испан тағамдарын жегенді ұнататын» — деп есіне алды.

Суретшінің бүкіл өмірі «өнер талаптарына бағынады». Болашақ суретші Харьков губерниясының Славянск қаласында дүниеге келді. Әкесі әдеби және баспа жұмыстарымен айналысты және орыс мәдениетінің көптеген танымал шеберлерімен жақын таныс болған. Кончаловскийдің үйінде Серов, Коровин, Врубель жиі болатын. Суретшінің болашақ қайын атасы — Василий Суриков жас суретшінің алғашқы көркем үлгілерін өте жақсы бағалады. Гимназиялық жылдары Кончаловский Строганов мектебінің кешкі сурет сыныптарында оқыды, кейінірек, ұзақ емес, өнер академиясында және Павел Ковалевскийдің соғыс сюжетті сурет шеберханасында тәлім алды. Алайда суретшінің шығармашылығына Еуропаның әсері шешуші рөл атқырды. Өз жолын іздеп Кончаловский Францияға, Италияға, Испанияға барып, Парижде ұзақ уақыт оқыды және өмір сүрді.

1902 жылы Кончаловский ұстазының қызы Ольга Суриковаға үйленеді. Ол керемет күйеуі, екі баланың әкесі болды – болашақ суретші Михаил және Наташа Кончаловскаяның, кейіннен әйгілі балалар жазушысы Сергей Михалковтың әйелі және режиссерлер Андрей Кончаловский мен Никита Михалковтың анасы болды.  Жұбайы Ольга өмірінің соңына дейін суретші үшін негізгі модель және  басты көркемдік бедел болып қала берді. Әр эскиз, әр сурет дайын деп саналмас бұрын сүйікті әйелінің бағалауынан өтетін.

Революциядан кейін Петр Кончаловский біртіндеп реалистік өнерге келеді, Революциялық Ресей Суретшілер қауымдастығының мүшесі және Кеңес дәуіріндегі жетекші суретшілердің бірі болады. Алайда, бақытты жағдайдың арқасында — ағарту комиссары Луначарскиймен жақын танысудың арқасында ол пролетарлық күнделікті өмірдің кейіпкерін дәріптеу қажеттілігінен құтыла алады, сүйікті натюрморттарын, отбасы мен достарының портреттерін жазуды жалғастырады.

Суретші өмірінің соңғы жылдарын 1932 жылы сатып алған Буграхтағы (Калуга облысы) үйде өткізген. Өмірге «ашкөз» құштарлықпен қарай бастайды: көбірек көркем суреттерді жазып үлгеруі үшін ол үнемі сурет салумен айналысты.

Осы уақытқа дейін Кончаловский РСФСР Халық суретшісі, Сталиндік сыйлықтың лауреаты, кескіндеме профессоры атанады, бірақ суретшінің басты жетістігі оның үлкен көркемдік мұрасы ретінде — бір жарым мыңнан астам кенеп, бес жүзге жуық акварель, сансыз суреттер — және — өмірге, оның алуан түрлі-түсті әртүрлілігіне деген шексіз махаббаты – құмарлы  өнері болып қала береді.

Scroll to Top