Қарттар күніне орай әріптестердің кездесуі
Халықаралық қарттар күні БҰҰ бастамасымен белгіленіп, жыл сайын 1 қазанда аталып өтеді. Ғалымдардың айтуынша, адамзат қартайып барады, жастардың саны азаюда, алайда аға буын жинаған өмірлік тәжірибе — құнды әрі пайдалы. Үлкендерден үйренеріміз көп.
Бүгін, 1 қазан күні, бүкіл әлем үлкендерге ерекше ілтипатпен қарап, оларды құрмет пен мейірімге бөлейді. Абай облысы, Семей қаласындағы Невзоровтар отбасы атындағы бейнелеу өнері музейі де бүгін зейнеттегі әріптестерін құшақ жая қарсы алуда. Бұл кездесуді музейдің кәсіподақ ұйымы ұйымдастырды.
Музей директоры Стромская Татьяна Александровнаның кабинетінде жайылған мерекелік дастарқанда, Сиволовский Виктор Алексеевич, Закерханова Рысбике Мустафаевна, Хазипова Асия Фазылжановна және Секпаев Темірғали Ақанұлы бас қосты. Олар музей тарихының бір бөлшегі, айтары бар, естелігі мол тұлғалар. Дастарқан үстінде көрмелер жайлы, музей қызметінің қуанышы мен қиындығы, мекеменің даму жолы мен қызметкерлердің кәсіби өсуі жайлы естеліктер айтылды. Себебі дәл осы жандардың ерен еңбегі мен адалдығының арқасында музей бүгінде бүкіл өңір мақтан тұтатын мәдени орталыққа айналды.
Музейдегі Қарттар күні – бұл тек құттықтау мен алғыс сөздері ғана емес, аға буынның даналығы мен еңбегінсіз алға жылжу мүмкін еместігін мойындау.