11.11.2026

Қоян інінен басталған ғажайып сапар. Студия шәкірттерінің қатарына қабылдау.

Ғажайыптың ауылы біз ойлағандай алыс емес. Олар тек түс әлемінде ғана емес, өңімізде де орын алады. Әлде өңіміз деп жүргеніміздің өзі бір ғажайып түс шығар? Жоқ, түс – түс, өң – өң. Әлде бәрі біз ойлағандай емес пе?

Мұның бәрі маңызды емес. Маңыздысы – ғажайыпқа сенген жанның арманына бір табан жақындай түсетіні. Тек, Алисаның әкесі айтқандай, «… алға жүріп, ешқайда бұрылмау керек». Оған қоса, өзіңе деген сеніміңді жоғалтпаған жөн. Тоқтай тұрыңыз, бұл сөздер басқа ертегіден еді ғой. Ал, бүгін біз өз ертегіміздің есігін ашамыз!

Бұл ертегіде Алиса бар. Онымен бірге қиял әлеміне қоян іні арқылы аттанған жас суретшілер бар. Оларды алда талай сынақ, талай тосынсый күтіп тұр. Әр белесті еңсеріп, сапардың соңына жеткенде, олар ең қымбат арманын жүзеге асырады: балалар көркемсурет студиясының нағыз «студия мүшелері», яғни жас шәкірттері атанады.

«Біздің ертегіміз қайда өтеді?» деп сұрарсыз. Әрине, музейде! Дәлірек айтқанда, Абай облыстық Невзоровтар отбасы атындағы бейнелеу өнері музейінде. Бүгін мұнда Қызыл ханшайымның әмірі естілді:

«Ғажайыптар еліне келген барша жас суретшіге ерекше сынақтардан өтуді бұйырамын! Олар зейінділігі мен байқампаздығын, тапқырлығы мен қиялын, сондай-ақ көркемдік шеберлігін танытсын!»

Корольдің жарлығына бағынбай көруге бола ма? Әрине, жоқ! Мұндайға кімнің батылы бара қойсын?!

Сондықтан студияның барлық шәкірті ғажайыптар еліне сапарға аттанды. Әрине, оларды жалғыз жіберген жоқ. Ең кішкентайларға жол бастаушы болып Алисаның өзі ерді. Өйткені ол бұл жолды бір кездері жүріп өткен, сондықтан әрбір бұрылысы оған жақсы таныс еді. Орта жастағы балаларға Чешир Мысығы мен Ақ Ханшайым серік болды. Ал студияның ең ересек, әбден ысылған «студия мүшелерімен» бірге сапарға Ақ Қоян шықты. Оның есі сәл ауытқып жүргені рас, бірақ бұл патшалықта кімнің есі дұрыс еді дейсіз? Өйткені бұл – кәдімгі патшалық емес, ертегілер елі ғой!

Шытырман оқиғаға құмар жас саяхатшылардың жолы әуелі Шляпниктің үйіне түсті. Олар онымен бірге шляпа жасап, шеберліктерін сынап көрді. Ал енді бір топ бала Герцогиняның сарайына барып, әр сөздің астарында сан алуан сыр жататынын білді. Мәселен, бір шымшым қыша қоссаң – айналаңның бәрі қапаланып шыға келеді, ал бір шымшым тұз қоссаң – жұрттың бәрі бірден салмақтанып сала береді.

Бірқатар балаға Қызыл Ханшайымның қабылдауында болу бақыты бұйырды! Ол жас суретшілердің қиялы мен ой ұшқырлығын сынап, оларға ерекше тапсырма берді: «суретшіні қорғап», оның неліктен дәл осындай картина салғанын түсіндіріп, өз уәждерін дәлелдеу керек болды. Өнерге құштар жас өрендер Корольменде жүздесті. Бірақ ол мүлде қаһарлы емес, керісінше, жайдары да көңілді болып шықты. Тіпті балалармен кірпі-доптармен крокет ойнады!

«Кірпі-доптар» қайдан шықты деп таңырқамаңыздар. Ештеңені шатастырып отырған жоқпыз. Чешир Мысықтың жүні тым көп түсіп, одан кірпіге ұқсайтын доптар жасапты. Балалар крокетті солармен ойнаған екен.

Ақыры, барлық сынақ артта қалып, жас суретшілер көптен күткен мәртебеге қол жеткізді. Әрқайсысының бетіне бояумен кішкентай бояу жағындылары түсірілді. Бұл – нағыз суретшіге лайық ерекше белгі, студия шәкірттерінің қатарына қабылданғанының айғағы еді!

Мерекенің соңы, әрине, шай ішуге ұласты! Бәрі мәз-мейрам, көңілдері тоқ. Тек бір жұмбақтың шешуі табылмай қалды: корольдің тортын ақыры кім жеп қойды екен? Оны ешкім мойнына алғысы келмеді!

Әлде осының бәрі түсініксіздеу көрініп, оқиғаның мән-жайын білгіңіз келіп отыр ма? Ендеше, бәрін ретімен баяндайық. Музей қызметкерлері балаларға арнап ерекше мереке ұйымдастырған еді. Студияға жаңадан келген бүлдіршіндер ертегілер әлеміне еніп, арнайы қабылдау рәсімінен өтті. Олардың көңілін музей қызметкерлері көтерді: Анна Анатольевна Шевцова – Қызыл Ханшайым, Жанар Жумагазиновна Абешова – Герцогиня, Юлия Валерьевна Сивашова – Шляпник, ал Наталья Сергеевна Неделькина – Король бейнесінде балалармен бірге ойынға араласты.

Ақ ханшайым, Чешир мысық пен Алиса кейіпкерлерін студия шәкірттері – Алина Хусаинова, Ясмин Маратова және Даяна Бекет сомдады. Ал Ақ қоянның рөлін эстетикалық тәрбие беру секторының меңгерушісі Ольга Андреевна Неудачина орындады.

Осылайша, балалардың есінде ұзақ сақталатын тамаша мереке өтті!

Ал ертегіде не деп еді?

«Шляпник шляпа қалыптарымен көп жұмыс істегені сонша, ақыры өзі де шляпаға айналып кете жаздапты…».

 

#НевзоровМузейі #КөркемсуретСтудиясы #СтудияШәкірттері #АлисаҒажайыптарЕлінде

 

Scroll to Top