21.11.2026

Музейдегі қазақ музыкасының кеші.

Абай облыстық Невзоровтар отбасы атындағы бейнелеу өнері музейінде Өнер сүйер қауым клубының мүшелері мен музыкаға құштар, жанды дауыстағы орындаушылық өнерді бағалайтын көрермендердің басын қосқан қазақ музыкасының кеші өтті.
Музейдің көне залы тарих пен поэзияға, қазақ халқының жан дүниесіне толы әсем әуендерге бөленді. Көрермендер алдында Әміре Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармонияның өнерпаздары Бақытжан Түктібаев, Фируза Мамедова және Айнұр Абылқасымова өнер көрсетті. Фортепианода Резеда Смык сүйемелдеді.
Кеш бағдарламасында «Сайра, бұлбұл», «Дариға, домбырамды берші маған», «Меркі», «Гауһар тас», «Қос қарлығаш», «Ән домбыра», «Ақ құм» және «Қайран жастық» сынды халық әндері шырқалды. Евгений Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсынан «Толқыма, Жібек» ариясы да кештің ерекше бір сәтіне айналды. Ал кеш соңында Латиф Хамидидің «Қазақ вальсі» мен «Бұлбұл» шығармалары орындалды.
Әр ән өзіндік әуезі мен көңіл күйін жеткізді: бірде нәзік лирикасымен жүректі тербесе, енді бірде шаттыққа бөлеп, мерекелік көңіл күй сыйлады. Осы әуендердің бәрі туған жер, махаббат, жастық шақ пен өмір сұлулығы туралы сырлы музыкалық хикаяға ұласты.
Кеш ерекше әсерлі өтті. Көрермендер әр орындауды ыстық ықыласпен қабылдап, концерттен кейін алған әсерлерімен бөлісті. Солардың кейбірі келесідей:
«Керемет кеш болды! Орындаушыларға шексіз алғыс, музыка жанымызды тербетті!»;
«Маған концерт өте ұнады! Әуені әсем, ал әртістердің өнер көрсетуі керемет болды. Көптеген жағымды әсер алдым».

#МузейдегіҚазақМузыкасыныңКеші ​#ҚазақМузыкасы ​#МузейНевзоровых #НевзоровтарМузейі ​#АбайОблысы ​#Семей ​#ӨнерСүйерҚауым ​#ЖандыДауыс #ҰлттықӨнер ​#ХалықӘндері ​#ҚызЖібек ​#ҚазақВальсі ​#Бұлбұл ​#Филармония

Scroll to Top