05.03.2026

Үйлесімнің үш бейнесі:  портрет, пейзаж және натюрморт арқылы әйелдер бейнесі әлемі

 Адамға өткеннің үнсіздігінен, жад тереңінен қадалған ондаған әйел жанары тік қарағанда, ол не сезінеді? «Үйлесімнің үш бейнесі» көрмесі көрерменді жай ғана картиналарға көз жүгіртуге емес, олармен сырлы сұхбат құруға шақырады.

Бұл – дауысы биік шықпаса да, дәуір тағдырын айқындаған әйелдер жайлы көрме. Олар күтті, үмітін үзбеді, маңдай терін төкті, ұрпақ өсірді, енді ғана бой көтерер болашақ үшін өмірді қайта тануға мәжбүр болды. Олардың күші айқайда емес, сабыр мен сенімде еді. В.Н. Лебедеваның «А.М. Невзорованың портреті» картинасында «Құрмет» ордені композицияның көркемдік өзегіне айналған. Бұл марапат киімнің жай ғана бөлшегі емес – ол кейіпкер бейнесінің мағыналық орталығын құрап, оның қоғамдағы биік мәртебесін, кәсіби еңбегін және ел мойындаған абыройын айқындай түседі. А.Д. Несинаның «Қызым Таня» картинасында комсомол белгісі кеңестік дәуірдің адамгершілік мұратын меңзейтін символ ретінде берілген. Кеудеге тағылған кішкентай ғана нышан туындыда ерекше мағынаға ие: ол уақыттың рухын – жарқын болашаққа деген сенімді, ұжымға адалдықты, еңбекке әзірлік пен жауапкершілік сезімін бейнелейді. Осы шағын белгі арқылы суретші кейіпкердің ішкі әлемін, оның дәуірмен үндескен арман-мұратын нәзік ишарамен ашып көрсетеді. Ал студент Таняның портретінде оның жанары көрерменмен түйісуді іздемейді – ол алысқа, өз ойының тереңіне бағытталған. Кеудесінде айқасқан қолдар ішкі жинақылық пен байыпты сабырды аңғартады. Ашық қоңыр-сарғыш реңкті, желбіршекті сарафан бейнеге жастық нәзіктік пен жұмсақтық дарытады. Осылайша сыртқы биязылық пен терең ойдың салмақтылығы арасындағы көркем қарама-қайшылық айқындала түседі.

Ана болудың ерекше, нәзік әлемі Л.Г. Медведеваның «Көктем» картинасында көрініс табады. Суретші ана бейнесі арқылы өмірдің үздіксіздігін, әйелдің балаларының болашағына деген жауапкершілігін паш етеді.

Динарның көздеріне үңіліп, оның жүрек жылуын, нәзік күлкісін сезініңіз. Т.Т. Бажакуповтың әрбір бояу түсіруі бойына сырлы нәзіктік пен өмірлік жылылықты сыйлайды. «Балықшы қыз» графикалық парағында композиция диагональ бойымен кернеу арқылы өріледі: кейіпкер жел мен толқынға қарсы тұрып, көрініске драматургиялық тебіреніс береді. Тор мен киім қатпарларының сызықтық ырғағы күш пен шыдамдылық сезімін тудырса, ашық түсті шағалалар мен қараңғы су арасындағы контраст көрерменде шиеленіс пен кернеуді күшейтеді. «Торларды жөндеу» картинасында еңбектен қатқан саусақтар жұмысшылардың төзімділігін, бірқалыптылығын және терең зейінділігін әсем жеткізеді. Ал И.Н. Воробьеваның «Мұғалім» туындысында барлық назар шәкірт пен жас педагог арасындағы нәзік диалогқа бағытталған. Баланың көзінен ізденіс пен қызығушылық оқылады, ал мұғалім жұмсақ жымиып, ілтипатпен тыңдап отыр.

 Көрмедегі пейзаждар – тыныш, сабырлы. Олар адам мен табиғат арасындағы бірлікті сездіреді. Сіз өзіңізді Н.Н. Өтепбаевпен бірге далада серуендеп жүргендей елестетесіз: сұр бұлтты аспан киіз үйдің үстінде төніп тұр, жел шөптерді сыбырлатады, тіпті өткеннің тынысын естіп тұрғандай әсер береді. С.В. Леонтьевтің туындыларында таулар салмағын жоғалтып, аспан тереңдігінде қалқып тұрғандай көрініс береді. Таудың жоғарғы бөлігі қою күлгін реңкпен берілген. Ары қарай бояу түс бұлттарға араласа ақшыл қызғылт түске ауысады. Бұл қозғалыс рухани көтерілу сезімін береді. Осы жұмыстарда пейзаж жай фон болуды тоқтатып, адамның, оның естеліктерінің және рухани жолының ой-толғамына айналады.

Натюрмортта қарапайым заттар да тыныш өмірге бөленеді. Гүл салынған ваза, ағаш ыдыс-аяқ, үстел үстіндегі ескі шам — барлығы дерлік естеліктер мен нәзік сезімдерді бойына сақтап, үнсіз сыр шертеді. А.Г. Ғалымбаеваның «Қызыл ваза» шығармасында ақ көйлек киген қуыршақ бейнесі пиондар салынған шыны вазамен және алтын жиегі бар төңкерілген пиаламен қатар тұрып, күтпеген нәзік екпін сыйлайды. Бұл туындылар сирек бірге кездеседі, бірақ дәл осы жерде олар уақыт пен адам жайлы біртұтас әңгімеге айналады. Әр жанр әйел бейнесін өзінше ашады: портрет — сыртқы бейнесі мен ішкі әлемнің сыры арқылы, пейзаж — кеңістік пен сезім күйі арқылы, натюрморт — заттар мен олардың рухани өмірді бейнелеудегі нәзік рөлі арқылы. Бірақ бәрі бірге қосылғанда, олар одан да үлкен бір нәрсеге ұласады — қуаныш пен қамқорлық, күш пен үйлесімділіктің сыры мен әуеніндей, жүрекке жылы леп беретін тұтас бір мелодияға айналады.

Мұнда өзіне тән бір сыр бар: суретшілер қалайша бір уақытта адамның жеке бейнесін, дәуірін және сезімін жеткізе алады? Мүмкін, жауап тек картиналарда ғана емес, әр көрерменнің ішкі әлемінде жасырылған — ол қарап, ойланғанда ашылады, сырға бөленеді. Бұл көрме тек әйелдер жайлы емес, суретшінің көзқарасын, және олардың өмір сүрген дәуірін де баяндайды.

Көрме — әйелдердің өмірі мен бақыты жайлы үнсіз диалог. Келіңіз де, осы әңгімелерде өз хикаяңызды тауып, жүрегіңізге жылулық, сыр мен әуен қосыңыз.

Scroll to Top