Юлий Владимирович Невзоровтың туған күніне орай, зор алғыспен

Көне жекежайдың салмақты есігін ашып, шағын қараңғы дәлізден өткен соң, келуші жарыққа толы фойеге енеді. Бірден креслода отырып, тізесіне сурет қойып, қолына үлкейткіш әйнек ұстаған, ақылды да мейірімді, зейінді жанарымен қарап тұрған адаммен көз түйістіреді. Бір қарағанда, ол тірі адам сияқты әсер қалдырады. Алайда, бұл — адам емес, портрет. Бірақ онда бейнеленген тұлғаның болмысы мен суретшінің шеберлігі біріге отырып, адамға ерекше, тіпті ғажайып әсер етеді. Сол сәтте еріксіз тоқтап, сәлем беріп, кейінгі ұрпақ үшін жасаған орасан еңбегі мен ерлігіне терең ризашылықпен тағзым еткің келеді.

Бұл — мәскеулік коллекционер Юлий Владимирович Невзоровтың портреті. Оның есімімен бүгінде Семей қаласындағы (бұрынғы Семипалатинск) бейнелеу өнері музейі аталады. Қазір бұл музей тек Қазақстанда ғана емес, оның шекарасынан тыс жерлерде де кеңінен танымал. Бүгінде ол қаланың мәдени өмірінің шоғырланған орталығына, «Адамға тек ішіп-жеп ғана емес, рухани азық та қажет» деген сөзді жай ғана дәйексөз емес, өмірлік ұстаным деп білетін жандардың бәрін өзіне тартатын рухани мекенге айналды. Ал музейдің бүгінгі даңқы көп жағдайда Юлий Владимировичтің бірегей коллекциясымен байланысты. Мәскеуде өмір сүрген, Қазақстанның кең даласында ешқашан болмаған әрі Семипалатинск деген қаланың бар екенін де білмеген.  Дегенмен, жүрегіндегі өнерге деген мол махаббатының арқасында біздің қаламызға баға жетпес мәдени мұра сыйлады.

Таңғаларлық! Осындай нәрсе шынымен мүмкін бе?
Егер адамның жүрегі мен жаны өнерге түгелдей берілген, пайдақорлыққа, даңққұмарлыққа не құрғақ меркантильдікке былғанбаған болса — бұл әбден мүмкін. Юлий Владимирович дәл осындай жан еді. Оның жүрегі мен жан-дүниесі өнерге толық беріліп, әрбір туындысында шындық пен сұлулықты іздеген, адамдарға деген шексіз сүйіспеншілік пен мейірімділікті ұялатқан жан.

«Мен ең әуелден-ақ аса құштар коллекционер болдым, өмір бойы өзіме көп нәрседен бас тартып, тек коллекцияма бір дүние қосу үшін бәріне дайын едім…» – осылай айтқан еді Юлий Владимирович өзінің коллекционерлік өмірі туралы.

Білімі бойынша инженер, дарынды өнертапқыш бола тұра, ол сонымен қатар өнерді терең түсінетін, ерекше түйсігі бар жан еді; тек жинаумен ғана шектелмей, өнер туындыларын зерттеп, сақтап, құтқарып, оларға қайтадан атын қайтарып отырды.

Ол коллекциялауда айқын принциптерге берік болды, мақсаттары биік еді. Негізгі қызығушылығы – портрет пен пейзаж. Коллекция жинағына қосу үшін ең басты шарт – натураның реализмі, шынайылығы. Юлий Владимирович көптеген картиналарды сақтап қалды. Олар антиквар дүкендердің сөрелерінде, ескі үйлердің шатыры мен базарларда тозуға, жоғалуға шақ тұрған еді. Ол күш-қуатын, қаржысын аяған жоқ; кенептерді реставрацияға жіберді, архивтерді ақтарды, кітаптарды парақтап, авторларын анықтады, туындылардың атрибуциясын тапты.

Юлий Владимирович Невзоров тек орыс суретшілерінің шығармаларын ғана емес, сонымен қатар графика мен еуропалық суретшілердің туындыларын да жинады. Оның коллекциясында медальерлік өнерінің ерекше жәдігерлері, антика дәуірінің артефактілері де бар еді.

Юлий Владимирович осының бәрін біздің музейге сыйға тартты. Ал алғашқы сый – музей әлі дербес мәртебеге ие болмаған кезде жасалған еді.

1987 жылы 6 қазанда Семей облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми-көркемсурет бөлімін басқарған маманға хат келді. Ол хат «Жаңадан ашылып жатқан Семей (Семипалатинск) бейнелеу өнері музейінің табысты қалыптасуына шын жүректен үлес қосуды қалай отырып, біз қолданбалы өнер туындыларынан тұратын шағын коллекциямызды музейге сыйға тарту жөнінде шешім қабылдадық және Сізден оны музей қорына келесі құрамда қабылдауыңызды сұраймыз…».

Міне, осылай басталған еді. Ал келесі жылы тағы бір сый тарту жасалды. Хатта былай делінген:

«Бейнелеу өнерін халықтың, ең алдымен жастардың, адамгершілік және эстетикалық тәрбиесінің аса маңызды факторларының бірі деп санай отырып, осыған байланысты жуырда ғана ашылған Семей (Семипалатинск) музейінің қалыптасуы мен дамуына жан-жақты қолдау көрсетуді қалап, отбасылық жинағымыздан алынған кескіндеме мен графика  туындыларынан 273 дананы музейге сыйға қабылдауыңызды сұраймыз…».

Бүгінде музей Юлий Владимирович Невзоров және оның отбасының атымен аталады, ал коллекцияда Ю.В. Невзоровтардың 569 туындысы сақтаулы. Сол туындылар музейдің бет-бейнесін қалыптастырып, оның бірегей сипатын айқындайды.

30 қаңтарда оның туғанына 113 жыл толады. Арамызда жоқ болғанына 15 жыл өтсе де, музейге келушілер мен қызметкерлер Юлий Владимировичтің есімін әрдайым ризашылықпен әрі терең құрметпен еске алады. Ол өзінің жасаған игі ісінде, өнерге деген шынайы адалдығында және өнерді халыққа жеткізуге деген ыстық ықыласында әлі де өмір сүріп келеді.»

Scroll to Top