Spread the love

Еңбекке сүйіспеншілікпен!

Невзоровтар отбасы атындағы облыстық бейнелеу өнері музейінің балалар көркемсурет студиясы оқушыларының көрмесі

Қазақстанда өтіп жатқан Жұмысшы мамандықтар жылы аясында барлық деңгейдегі педагогтар мен оқу орындарының назарында – балалар мен жастардың еңбек адамына деген қызығушылығын, құрметін ояту міндеті тұр.

Абай облысы, Невзоровтар отбасы атындағы облыстық бейнелеу өнері музейі Eurasia Agro Holding компаниясының демеушілік қолдауымен биылғы қыркүйек айында «Приречное» агрофирмасында пленэр ұйымдастырды. Сол жерде студияның жас суретшілері табиғат аясында болашақ туындыларына арналған эскиздарын салды.

Бүгін сол еңбектің нәтижесін көрермен назарына ұсынған «Еңбекке сүйіспеншілікпен» атты көрме – балалардың шабыт пен еңбекке деген сүйіспеншілігінің көрінісі.

Музейдің бір залында ашылған көрме студияның жоғары және кәсіби даярлық топтарында оқитын оқушыларының еңбектерін көрерменге ұсынды. Майлы бояумен, гуашьпен, акварельмен және линермен орындалған жиырмадан астам туынды агрофирмадағы еңбек адамдарының күнделікті тұрмысын бейнелейді.

Сондай-ақ мұнда бұған дейін музей маңайында жазылған пленэрлік жұмыстар да қойылған. Әр картина – мұқият зерттелген натура, кенепке не қағаз бетіне түскен бір сәттің тынысы. Туындылардың атаулары да өздері айтып тұрғандай: «Асты жинау», «Мың бір картоп», «Мотор дыбысынан    кейінгі тыныштық».

Студия педагогтері — Ольга Андреевна Неудачина мен Ксения Юрьевна Стопычева — мұндай шығармашылық жобалар балалардың бойында еңбекқорлықты, ұқыптылықты және туған өлкенің өміріне деген жанашырлық сезімін тәрбиелеуге септігін тигізетінін атап өтеді.

«Еңбекке сүйіспеншілікпен» атты көрме жарқын да шынайы әсер қалдырады — ол өмірдің өзінен нәр алған. Балалардың қарапайым еңбек адамдарына бағытталған көзқарасы әр адамға: сұлулық алыста емес, ол — адал атқарылған істе, өзгеге пайда әкелетін әрбір қол қимылында екенін еске салады.

Scroll to Top