Spread the love

Музейдің әдістемелік кеңесі

Қазіргі заманғы музей – тек экскурсиялар мен көрмелер, дәрістер өткізетін орын ғана емес, сонымен қатар өз қорларын мұқият зерттейтін ғылыми орталық. Абай облысы Семей қаласындағы Невзоровтар отбасы атындағы облыстық бейнелеу өнері музейінде бірнеше бөлім жұмыс істейді. Солардың бірі – ғылыми-зерттеу және көрмелік жұмыс бөлімі. Оның басты міндеті – музей қорындағы коллекцияны жан-жақты әрі терең зерттеу.

Көп жағдайда өнер туындысы зерттеушінің алдына көптеген сұрақ қояды. Ал тіпті ең ұсақ деректің өзі анықталса, бұл әр қызметкер үшін үлкен қуаныш. Бұл — туындының жасалу мерзімін нақтылау, суретшінің аты-жөнін анықтау, оның өмірінен бұрын белгісіз болған деректерді табу немесе картинаның сюжеттік тарихын ашу болуы мүмкін. Осындай жаңалықтар мен құпиялардың сырын ашып, оларды әріптестермен бөлісу үшін музейде әдістемелік кеңестер өткізіледі.

Мысалы, осындай әдістемелік кеңестердің бірі қазан айында өтті. Оған ғылыми, көпшілік және қор сақтау бөлімдерінің қызметкерлері қатысты. Баяндамалар саны көп болмаса да, әрқайсысы мазмұнымен ерекше қызығушылық тудырды.

Музейдің суретші-реставраторы Рубинчик О.О. реставрациялық жұмыстары барысында жүргізген зерттеу тәжірибесі туралы баяндама жасады. Оның баяндамасы «Музей қорындағы Третьяков Владимир Ильичтің “Абай” картинасына арналған эскизі. Атауын нақтылау және жасалған уақытын анықтау» деп аталды. Презентацияда көрсетілген фотоматериалдар арқылы Ольга Олеговна зерттеу барысын, жасалған тұжырымдары мен қорытындыларын егжей-тегжейлі баяндап берді.

XVIII ғасырдың ортасында өмір сүрген италиялық суретші Козимус Дзоккидің өмір сүрген жылдарын нақтылау және оның шығармашылығына шолу тақырыбында ғылыми-зерттеу және көрме жұмысын ұйымдастыру бөлімінің жетекшісі Рекида И.М. баяндама жасады.

Ғылыми бөлім қызметкерлері тек мәлімет іздеп, туындыларды атрибуциялау жұмыстарымен ғана шектелмей, музей экспонаттарының ғылыми сипаттамасын да жасайды. Бұл экскурсия мәтіндерін әзірлеуде үлкен көмек береді және көрермендердің өнер туындыларын тереңірек түсінуіне ықпал етеді. Осындай ғылыми сипаттамалар соңғы әдістемелік кеңесте де оқылды. Ғылыми-зерттеу бөлімінің маманы Сарсембина Г.Ж. тыңдаушылар назарына суретші Гурскис В.А.-ның «Жағар жылқы зауыты саябағындағы шабандоздар» атты картинасына ғылыми сипаттама ұсынды, ал сол бөлімнің кіші ғылыми қызметкері Оразжанова А.Ш. К.И. Рудаковтың «Жалаңаш әйел» атты туындысының сипаттамасын оқып берді.

Мұның бәрі — музейдің күнделікті жұмысы. Бірақ бұл күндер қызықты әрі мазмұнды өтеді: ұзақ та мұқият еңбектің сыйы — күтпеген жаңалық, тосын табыс немесе шынайы ашылым болуы мүмкін!

 

Scroll to Top