Музей мен «Алтын жас» кітапханада
Музей мен кітапхана – рух пен зерденің егіз бесігі. Екеуі де – адамзаттың талай ғасырлық тағылымы мен танымын сақтап тұрған қастерлі орда, ой мен сөздің, бейне мен сырдың тоғысқан мекені. Бұл жерлерге келген жан жаңа дүниені танып, көңіліне нұр, жүрегіне жылу ұялатады, әңгіме шертіп, ой алмасады.
Сол секілді бір жылы да сырлы жүздесу №6 кітапханада, Орталық кітапхана жүйесінің филиалында өтті. Мұнда «Алтын жас» оқырмандар клубының мүшелері, кітапханашы Стамбекова Бақытгүл Жұмағазықызы және Невзоровтар отбасы атындағы облыстық бейнелеу өнері музейінің өкілдері – Лариса Алексеевна Шестакова мен Юлия Валерьевна Сивашова бас қосты.
Олар өнер мен кітаптың, өткен мен бүгіннің, рух пен жүректің үндестігі жайлы әңгімелесіп, мәдениет пен адамдықтың алтын арқауын тағы бір еске алды.
Кездесуде суретші Владимир Ильич Третьяковтың өмірі мен шығармашылығы жайлы әңгіме қозғалды. Кешті кітапхананың иесі бастаған еді. Ол слайдтар көрсетіп, бұл ерекше тұлға туралы қызықты деректермен бөлісті.
Кейін сөз тізгінін Невзоровтар отбасы атындағы музейдің өкілдері алып, әңгіме одан сайын терең өрбіді. Тыңдаушылар суретші жайлы бұқаралық ақпараттан таба алмайтын, тек өнер иелерінің ортасында жүрген, олардың өмірін зерттеген жандар ғана білетін сырларды естіді.
Музей қызметкерлері айтып берген әсерлі бір оқиға бәрінің жүрегіне жол тапты. Бірде жас Володя қалада суретшімен жолығып, оның қылқаламмен сиқырдай жұмыс істегеніне, бояулардың бейнеге айналғанына таңғалады. Сол сәтте суретші балаға өз қылқаламы мен бояуларын сыйға тартады. Осы кездесу оның өмірін түбегейлі өзгертеді.
Сол кішкентай бала өсе келе талай сынақтан өтіп, өз арманын жүзеге асырып, көпшіліктің сүйіспеншілігіне бөленген суретші әрі ұстаз атанды. Оның есімі мен еңбегі бүгінде де құрметпен аталып, жадыда сақталып келеді.
Әңгіме әрі қарай жалғасын тапты. Енді сөз музей жайлы өрбіді — оның баға жетпес коллекциясы мен коллекционерлері, бүгінде музей орналасқан көне үйдің тарихы, сондай-ақ бүгінде музей атымен мәңгі байланысты Невзоров Юлий Владимирович пен оның отбасы туралы айтылды. Олардың ұлы сыйы – музейді қайталанбас, дара мәдени ордаға айналдырған рухани мұра жайлы да сөз қозғалды.
Кеш қонақтары кітаптарды да тамашалады. Музей қызметкерлері өздері әзірлеген бірқатар басылымдарды ала келген еді. Бұл еңбектерді қарапайым дүкеннен таба алмайсың – олар ерекше құндылыққа ие. Әрқайсысы музей тарихы мен көпес Степановтың үйі, жергілікті суретшілер мен ғылыми ізденістер жайлы сыр шертеді.
Тыңдаушылар өз ризашылықтарын білдірді. Олар әсерлерімен қарапайым, бірақ шынайы түрде бөлісті:
«Біз №6 кітапхана филиалы жанындағы “Алтын жас” клубының оқырмандары, жерлесіміз – суретші Третьяковқа арналған іс-шараға қатыстық. Өте қызықты әрі көңілге жылы кеш болды».
(Путина Нина Александровна, оқырман)
«Бүгін №6 кітапханада өткен іс-шараны біздің кітапханашымыз Невзоровтар отбасы атындағы музей қызметкерлерімен бірлесіп ұйымдастырды. Өте-өте қызықты болды, ал кештің атмосферасы ерекше жылы әрі жайлы еді».
(Медеуова Гүлфия, оқырман)








