Музейдегі жылы жүздесу: суретші Евгений Сидоркин туралы
Невзоровтар отбасы атындағы облыстық бейнелеу өнері музейінде өнерсүйер қауым клубының кезекті кездесуі өтті. Бұл жолғы әңгіме Қазақстан мәдени келбетінің бір бөлігіне айналған тамаша график-суретші Евгений Матвеевич Сидоркин жайында өрбіді.
Кездесуді көрменің кураторы, музейдің ғылыми қызметкері Анна Анатольевна Шевцова жүргізді. Ол презентация көмегімен суретшінің өмірі мен шығармашылық жолы туралы әсерлі әңгімеледі — Н.И. Фешин атындағы Қазан көркемсурет училищесінде, Ригада және И. Е. Репин атындағы Ленинград институтында алған білімі жайында айтты. Тағдыр жолы мен Гүлфайрус Ысмайыловаға деген мәңгілік махаббат Евгений Сидоркинді Қазақстанға жетелеп әкелді. Осы жерден ол өзіне сарқылмас шабыт, кең тынысты өнердің рухын тапты. Уақыт өте келе Сидоркин тек шебер суретші емес, қазақ бейнелеу өнерінің болмысын айшықтап, оның келбетін сомдаған дара тұлғаға айналды.
Дәрістен кейін қонақтар «Қазақ жерінде» атты экспозиция ұйымдастырылған көрме залына өтті. Бұл көрме екі мерекелік оқиғаға — Қазақстан Республикасының күні мен суретшінің 95 жылдығына арналды. Расында да, бұдан артық символдық үндестікті елестету қиын: Қазақстаннан жырақта туған адам осы өлкені шын жүрегімен сүйіп, оның рухын өз туындылары арқылы айшықтап көрсете білді.
Көрмеге музей қорындағы шебердің отыздан астам шығармасы қойылды: Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романындағы, «Қыз Жібек» поэмасындағы, халық ертегілері мен аңыздарындағы бейнелерге арналған иллюстрациялар. Әрбір туынды қазақ мәдениетінің қаһармандарына деген ілтипат пен жылылыққа, қарапайым адамдардың өмірі мен еңбегіне деген сүйіспеншілікке толы.
Евгений Матвеевич Сидоркин – жан дүниесі кең, сөз өнеріне ерекше іңкәр суретші еді. Ол қазақ эпосының қуатты рухын ғана емес, әлемдік классиканың терең мағынасын да өз қылқаламымен сөйлете білді. Бір қабырғада — Франсуа Рабленің «Гаргантюа мен Пантагрюэль» романына арналған бейнелер ой мен әзілге толы әлемге жетелесе, екінші қабырғада – Михаил Салтыков-Щедриннің сатиралық туындыларына арналған иллюстрациялар өмірдің ащы шындығын көркем тілмен жеткізеді.
Көрермендер графикалық парақтар алдында ұзақ аялдап, әр сызықтан суретшінің ойы мен жүрегінің лүпілін сезінгендей болды. Олар сұрақ қойып, әсерлерімен бөлісіп, көз алдында тірілген өнер әлеміне сүйсіне қарады. Залда ерекше жылылық пен рухани үндестік орнады — Сидоркиннің туындылары көрерменмен үнсіз сырласқандай, туған жер мен адам болмысы, сәттің сұлулығы мен өмірдің мәңгілік тынысы туралы баяндап тұрды.
Кездесу соңында да ешкім кетуге асықпады. Уақыт сәл кідіріп қалғандай — бәрі де көргенін талқылап, сүйікті шығармаларын еске алып, жүректерін тербеген өнерге ризашылық білдірді. Бұл кеш көрерменге шынайы шабыт пен рухани тыныштық сыйлаған, нағыз өнермен жүздескен сәт болды.








