Spread the love

Музей қызметкерлері – халықаралық ғылыми конференцияларға қатысушылар

Ғылыми қызмет — Невзоровтар отбасының атындағы облыстық бейнелеу өнері музейінің өмірінің ажырамас бөлігі. Музей қызметкерлері тек өнер туындыларын сақтап, көрсету ғана емес, музей ісін белсенді түрде дамытып, өз тәжірибесі мен білімін әртүрлі аймақтардан келген әріптестерімен бөліседі. Олар бірнеше рет республикалық деңгейдегі ірі музейлік іс-шараларға — форумдар, семинарлар, конференцияларға қатысып үлгерді. Осы жолы Невзоровтар отбасы атындағы музей мамандарының тәжірибесін көрсету алаңы ретінде «Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығы» РМҚК-ы қызмет етті.

Қазіргі музейтану: цифрландыру, қолжетімділік және тұрақты даму» атты конференция жұмысына музейдің 85 жылдық мерейтойына орай ғылыми-зерттеу жұмысы бөлімінің маманы Галия Жумажановна Сарсембина және көпшілік-ағарту жұмысы бөлімінің маманы Арайлым Бейсеновна Мұратбекова қатысты.

Қатысушылар өзекті мәселелерді талқылап, тәжірибелерімен бөлісті. Невзоровтар музейінің қызметкерлері музей педагогикасы бойынша баяндамалар жасап, осы саладағы мол тәжірибелерімен бөлісті, білім мен өнерді біріктіретін жолдарды көрсетті. Галия Сарсембина «Музей ортадағы ересектерге көркем сауат негіздерін оқытуды ұйымдастыру және әдістемесі мәселесі» тақырыбында сөз сөйлеп, музейдің әр жасқа білім нәрін ұсынатын шығармашылық алаң ретіндегі рөлін ерекше атап өтті. Арайлым Мұратбекова қазақ тілінде «Музейлік білім беру мен этнопедагогиканың тоғысы: шығармашылық сабақтар арқылы ұлттық өнерді жаңғырту» атты баяндамасында музейлік білім беру мен этнопедагогиканы тоғыстырудың мәнін, шығармашылық сабақтар арқылы ұлттық өнер дәстүрлерін жаңғыртып, ұрпаққа жеткізу жолдарын нәзік әрі әсерлі жеткізді.

Сонымен қатар, ғылыми-зерттеу бөлімінің  қызметкері Анна Анатольевна Шевцова «Экслибрис – кітап мәдениетін зерттеудің ақпараттық ресурсы ретінде» атты бүкілресейлік ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысты.           «Облыстық Невзоровтар отбасының атындағы бейнелеу өнері музейіндегі экслибристерді атрибуциялау» тақырыбындағы баяндамасында ол музей қорындағы кітап белгілерінің авторлығын анықтау барысында жүргізілетін зерттеу жұмыстарының қыр-сырымен таныстырды.

Мұндай баяндамалар музейдің ғылыми беделін нығайтып қана қоймай, тәжірибе алмасуға, жаңа идеялар мен жұмыс формаларын іздеуге де ықпал етеді.

Scroll to Top