Spread the love

Музейдегі брейн-ринг. «Түрлі тілдер туралы» 

Соңғы мәліметтер бойынша, әлемде 7124 тіл бар. Қазақстанда 124 ұлт өкілі тұрады. Әрқайсысының өз тілі, мәдениеті, ойлау ерекшелігі бар. Белгілі итальян режиссері әрі сценаристі, төрт дүркін «Оскар» сыйлығының иегері Федерико Феллини айтқандай: «Басқа тіл — бұл өмірге басқа көзқарас». Демек, біздің қоғам — түрлі тілдер мен көзқарастардың кең палитрасы бар, алуан түсті әрі бай қоғам!

5 қыркүйек күні елімізде Қазақстан халқының Тілдер күні аталып өтті. Алайда бұл мереке бір күнмен шектелмеді. Ол елімізде өмір сүріп жатқан барлық тілдерге арналған түрлі іс-шаралар айлығымен жалғасын тапты.

Абай облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының «Невзоровтар отбасы атындағы  облыстық бейнелеу өнері музейі» де осы айлыққа белсене атсалысты. Бүгін музейде балалар көркемсурет студиясының оқушыларына арналған «Брейн-ринг» интеллектуалдық ойыны өтті. Іс-шара Абай облыстық «Возрождение» неміс қоғамымен бірлесе ұйымдастырылды. Ойынға студия оқушыларымен бірге неміс тілі бойынша балалар мен жасөспірімдер тобының оқушылары— Рудик Максим, Матвей, Михаил және Юлиана Форш та қатысты.

Неміс тілі курстарының кураторы және оқытушысы Ольга Романовна Бедер оқушыларды көптеген қызық сұрақтарға жауап беру үшін жақсылап ойлануға мүмкіндік берді. 

— «Denglish» деген не? (Бұл — неміс және ағылшын тілдерінің араласуы). 

— «Компьютерлік “Казновица” әліпбиі ең алғаш қай тіл үшін жасалды?» (Қазақ тілі үшін). 

— «Орыс әліпбиіндегі ең жас әріп қайсы?» (Ё әрпі).

Барлығы үш командаға арналған жиырма сұрақ дайындалды. Ал соңында – жүлделер. Жеңімпаз командаға неміс тіліндегі қанатты сөздер жазылған білезіктер табыс етілді, ал қалған қатысушыларға — «Возрождение» қоғамының төсбелгісі сыйға берілді. Бұл сыйлықтар ойыннан естелік болып қалмақ, ал шабыттандыратын, өмірге сенім ұялататын дәйексөздер бір күні қажет сәтте қолдау сөзіне айналуы да мүмкін.

Балалар жеңіске қуанды, жауаптар төңірегінде пікірталасқа түсті, эмоцияларын жасырмады – бірде тосын сұрақтарға күліп, бірде кімнің дұрыс жауап бергенін қызу талқылады. Шараның атмосферасы шын мәнінде жылы әрі достыққа толы болды.

Ал ең соңында барлық қатысушыларға тәтті кәмпиттер таратылды. Бұл – кішкентай, бірақ жағымды сыйлық, дәмді қорытынды әрі баршаға көтеріңкі көңіл күй сыйлаған тамаша нота болды!

Мұндай шаралар музей қабырғасында өскелең ұрпақтың дүниетанымын кеңейтіп, әлем тілдері мен мәдениеттері туралы тың мәліметтер алуына мүмкіндік береді. Сонымен қатар, қоғамымызды бай әрі берік ететін сан алуандылықты құрметтеуге тәрбиелейді.

Scroll to Top