Музейге коллекция сыйға тартылды
Абай облысының Семей қаласындағы Невзоровтар отбасы атындағы облыстық бейнелеу өнері музейі тағы бір құнды сыйлыққа ие болды – алматылық коллекционер Байсеитова Лена Әділханқызы музейге қазақстандық суретшілердің туындыларынан тұратын коллекцияны тарту етті. Бұл – музей ұжымы үшін қуанышты оқиға. Барлығы 61 шығарма сыйға берілді. Олардың арасында қазақстандық өнердің ірі шеберлерінің де туындылары бар. Бұл жұмыстар енді музей коллекциясын толықтырып, оның мазмұнын байыта түседі.
Бұл сыйлық ЦентрКредит банкінің үлкен қолдауымен жүзеге асырылды. Банк қызметкерлері картиналарды Алматыдан Семейге дейін қаптап, тасымалдауды ұйымдастырды – бұл өнер туындыларын жеткізу кезінде аса күрделі әрі жауапты жұмыстардың бірі. Олардың көмегінің арқасында шығармалар музейге аман-есен жеткізіліп, жақын арада қор сақтауына тапсырылады.
Музей ұжымы жомарт әрі маңызды сыйлығы үшін Лена Әділханқызы Байсеитоваға, сондай-ақ туындыларды тасымалдауды ұйымдастыруға көрсеткен көмегі үшін ЦентрКредит банкіне шынайы алғысын білдіреді. Мұндай қолдау музей ісі үшін аса маңызды. Себебі дәл осындай меценаттар мен өнерге бейжай қарамайтын жандардың арқасында музей қорлары жаңа туындылармен толыға береді.


