Өнерсүйер қауым клубының кездесуі.
Қазақстан өнері жайлы сыр-сұхбат
Қазақстанның бейнелеу өнері – тамыры тереңге жайылған, бояуы қанық, өрісі кең рухани қазына. Қазақ суретшілерінің есімдері ел шекарасынан асып, алыс-жақын жұртшылыққа кеңінен мәлім. Әр дәуірде ол сан түрлі өрнекпен түрленіп, әлем мәдениетіне өзіндік үні мен болмысы бөлек, жарқын дарындар шоғырын тарту етті.
Кеңес мемлекеті тарих сахнасында болған жетпіс жыл ішінде Қазақстанның бейнелеу өнері сан алуан бағытта қанат жайып, әртүрлі эстетикалық қағидалар мен көркемдік өлшемдерді бойына сіңірді. Осы жайлы әңгіме Невзоровтар отбасы атындағы облыстық бейнелеу өнері музейінде өткен өнерсүйер қауым клубының кезекті отырысында өрбіді. Кездесуді музей қызметкері Ажханова Назым Серхановна жүргізді.
А. Қастеев, А. Черкасский, Р. Великанова, В. Эйферт, Л. Брюммер, Қ. Телжанов, М. Кенбаев, С. Мәмбеев, Ж. Шарденов, А. Ғалымбаева, Ғ. Исмаилова, Д. Әлиев – бұлар Қазақстан бейнелеу өнерінің аңызға айналған тұлғалары. Бұл тек даңқы асқан есімдер ғана емес, өз ішкі заңдылықтары, дүниетанымы мен көркемдік тілі қалыптасқан тұтас бір әлем.
Кездесу мазмұнды да әсерлі, қызу пікір алмасуға толы өтті. Әдеттегідей, оның форматы жай ғана дәріс оқып, тыңдаушыға дайын ақпарат ұсынумен шектелмей, еркін сұхбатқа ұласқан жанды қарым-қатынас, ой мен әсер алмасу алаңына айналды.
Қатысушылардың пікірлері жүрек жылуына толы, шынайы ризашылықтың әсем өрнегіндей әсер қалдырды.
«Рақмет, тамаша дәріс болды!» (Елена)
«Бүгінгі кездесу үшін көп рақмет! Өте қызықты өтті!» (Лия)
«Үлкен рақмет. Өте-өте қызықты болды. Алдағы уақытта да суретшілер туралы әңгімелер жалғасын тапса екен. Құрметпен, Шайхлислам»
Өнерсүйер қауымның ақжарма тілектері ескерусіз қалмайды. Алдағы уақытта осы терең де тағылымды, бояуы қанық тақырыпқа қайта оралып, тағы бір мазмұнды жүздесу ұйымдастыратынымызға сенімдіміз.







