Юрий Непринцев — адам ерлігін бейнелеген суретшісі.
Өнер әрқашан шындықты бейнелеуге, уақытты, адамдар мен сезімдерді есте сақтауға тырысады. Юрий Михайлович Непринцевтің шығармашылығы дәл осы дәуірдің тірі дәлелі іспеттес. Оның картиналары ерліктің қайғы-мұнмен, ал асқан батылдықтың сабырлы адамгершілікпен қатар жүретін әлемнің есігін ашады.
Юрий Непринцев 1909 жылы Тифлисте дүниеге келген және кескіндемеге ерте қызығушылық танытқан. Ол Ленинградтық кескіндеме, мүсін және сәулет институтында білім алды, онда өз заманының ең ірі реалистерінің бірі Исаак Бродскийдің шеберханасында оқыды. Дарынды оқушы академиялық мектептің дәстүрлерін бойына сіңіре отыра, сонымен бірге өзінің ерекше көркемсурет тілін қалыптастыра білді.
Ұлы Отан соғысы суретші үшін тағдырлы болды. Соғыс жылдарында ол майдан суретшісі болып жұмыс істеді. Ол кейінірек картиналарында көрініс тапқан оқиғалардың куәгері болды және де оның қылқалам туындылары қаһармандық пафоспен емес, таңғажайып шынайылық пен жылулықпен таң қалдырады. Бұл туындылар классикалық, жанрлық әскери кескіндеменің хрестоматиялық мысалдары болып саналады.
Сарбаздардың өмірі, майдан мен тылдың бірлігі, соғыстың адами тақырыптары Непринцевтің көптеген еңбектерінің негізін қалайды. Шебердің жұмысының басты ерекшелігі — оның нағыз адамды көрсетуге деген шынайы ұмтылысы. Оның кейіпкерлері – көзінде мұңы бар, бірақ мызғымас қайсарлық оты көрініп тұрған шынайы адамдар. Тіпті көп фигуралы композицияларда Юрий Михайлович әр адамның даралығын жеткізе алды. Ол «жалпылама сарбазды» жазған жоқ, бірақ психологиялық сенімділікке ұмтылды – бұл оның жұмысын көрерменге жақындата түседі.
Соғыстан кейінгі уақытта суретші өнер академиясында сабақ берді, академик және КСРО Халық суретшісі болды. Осы уақытта Юрий Михайлович қызу жұмыс істеді. 300-ден астам картина жасалды. 1960 жылдары ол «Ленинградтықтар» деп аталатын офорттар сериясын шығарды (автордың атауы «Ленинградтықтар туралы әңгімелер»). Бұған жалпы тақырыппен байланысты он жеті графикалық парақ кірді. Бұл серияның сегіз туындысы Абай облысының Невзоровтар отбасы атындағы бейнелеу өнері музейінің қорында сақталған. Бұл «1941 ж.қыркүйек», «1941 ж. қазан», «1941 ж. қараша», «1942 ж. қаңтар», «1942 ж. сәуір», «1942 ж. мамыр», «1943 ж. көктем», «1945 ж. желтоқсан» сияқты шығармалар. Суретші осы сериядағы жұмыс туралы былай деп жазды: «Мен куәгер ретінде өз уақытында осы тақырыпқа бірқатар суреттемелер мен эскиздер жасаған кезде, бұл оқиғаларды бізден кейін қызықтыратын адамдарға шынайы жеткізу керек деген ойда болдым. Бұл менің азаматтық міндетім сияқты сезіндім, сондықтан осы жинақталған материалды қолдана отырып, ізгі іс жасағым келді…».
Осы парақтардың әрқайсысында көрермендер әлі күнге дейін блокада кезеңіндегі оқиғалардың уақыты мен драмасын, ішкі эмоционалды шиеленісті, ызғарды, бомбалау кезіндегі қорқынышты сезіне алады. Олар көрермендерді ең бастысы — адамның қадір-қасиеті, жады, өмірін сарп еткен адамдар тағдыры туралы еске сала отырып, толғандырады.
Ұлы Жеңістің мерейтойлық жылы Юрий Непринцевтің картиналарының өзектілігі аса жоғары. Оның шығармашылығы — өзектілігін жоғалтпайтын уақыт дауысы. Бұл қылқалам арқылы берілген шындық және соғыс жылдары кезеңінде адамгершілік қасиетін жоғалтпағандарға үлкен алғыс білдіру.