09.05.2026

«Жеңіс сәті: бір картина – бір тарих»
Жеңіс күнін мерекелеуге арналған музейлік көрме іс-шарасы.

Ұлы Отан соғысы мен Жеңіс — жыл өткен сайын бізден алыстай беретін тарихи оқиғалар. Соғысқа қатысқан ардагерлердің көбі бүгінде арамызда жоқ, сол бір сұрапыл кезеңнің куәгерлері де азайып барады. Соғыс пен оның батырлары туралы естелікті сақтап қалған жандар да сиреп келеді.

Халық ерлігінің ұлылығын, мүмкін еместі мүмкін еткен ортақ жігердің күшін жас ұрпаққа жеткізу барған сайын күрделене түсуде. Адамдар өмірден өтеді, бірақ олардың естелігі жоғалмайды. Ол кітаптарда, фильмдерде, фотосуреттерде… және картиналарда сақталады.

Абай облысындағы Невзоровтар отбасы атындағы облыстық бейнелеу өнері музейінде соғыс ардагері, қатардағы қарапайым жауынгер, ефрейтор Александр Семёнович Сунгуровтың портреті сақтаулы. Бұл туындыны заманауи мәскеулік суретші Александр Шилов салған. Портрет «Жеңімпаз» деп аталады. Көк аспан мен кең дала аясында гимнастёрка киген солдат бейнеленген. Шашын ақ қырау шалып, жүзіне әжім түскен, ал жанары мейірімге толы әрі терең. Көрерменге қараған бұл ардагер – тағдыры өз Отанын кеудесімен қорғап, кейінгі ұрпаққа ашық аспан сыйлаған жүздеген жауынгерлердің тағдырына ұқсас адам. Ол Фин соғысына қатысқан, Сталинград түбінде шайқасқан, Австрияның Грац қаласына дейін жеткен, Будапешт үшін ұрыстарға қатысқан. Соғысты сержант шенімен аяқтаған. Алайда портретте ол ефрейтор ретінде бейнеленген, «… өйткені жеңіс армиясы тек командирлерден емес, қарапайым сарбаздардан тұрған».

Бүгін бұл портрет «бір картинаның көрмесі» форматында көпшілік назарына ұсынылды. Алайда бұл жай ғана көрме емес, ерекше сипаттағы мәдени оқиға болды. Әдеттегі музейлік экспозиция ашылу салтанаты мен көркем безендірумен шектелсе, бұл іс-шара мазмұны жағынан әлдеқайда кең әрі терең өрбіді.

Көрермен алдында картина, экрандағы деректі фильм, батыр туралы әңгіме, суретші жайлы баяндау, кітап көрмесі және Мұқан Төлебаев атындағы музыкалық училище студенттерінің музыкалық сүйемелдеуі қатар өрілді. Осылардың барлығы біртұтас үйлесім тауып, соғыс ардагері – қарапайым, бірақ ұлы ерлік иесінің бейнесін айқын аша түсті.

Бұл кеште ардагер туралы бұрын музейде еңбек еткен, бүгінде зейнеткер Мухамедова Рысжан Сағынбаевна әңгімелеп берді. Ол «Жеңімпаздың» тағдырын зерттеп қана қоймай, атасы туралы көптеген мәліметтермен бөліскен немересі Александр Бобковпен де байланыс орната алды.

Жүздеген кітаптар соғыс ерліктері мен батырларына арналған. Музей кітапханашысы Лариса Алексеевна Шестакова осы мол әрі алуан түрлі әдеби мұрадан нені таңдауға болатыны жөнінде кеңес берді. Кешті ұйымдастырушылар – музей қызметкерлері Наталия Сергеевна Неделькина мен Юлия Валерьевна Сивашова – мол материал жинақтап, мазмұнды бағдарлама әзірледі. Сондай-ақ олар жас музыканттарды тартып, тыңдарман назарына Жамбыл Жабаевтың «Ленинградтықтар, менің балаларым» поэмасының өзіндік музыкалық-орындаушылық интерпретациясын ұсынды. Бұл шығарма көрменің әсерлі әрі жарқын қорытынды аккордына айналды.

 

#Семеймузейі #Жеңіскүні #9мамыр #тарих #жады #өнер #көрме #мәдениет #ардагерлер #Семей

 

Scroll to Top