Бейсембинов Арсен Сәрсенұлы — график, қоюшы-суретші.
Алматыда туған. 1959 жылы Н.В. Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесін, 1966 жылы Мәскеу жоғары көркемсурет – өнеркәсіп училищесін бітірген. «Жазушы» баспасында редактор болып жұмыс істеді. 1968 жылдан «Қазақфильм» киностудиясының мультцехінің қоюшы-суретшісі. Республикалық, бүкілодақтық және халықаралық көрмелерге қатысушы.
Суретшінің шығармаларында поэтикалық және қатаң лаконизм, философиялық тереңдік пен әзіл бар. Оларда бейнеленген объектінің өзіндік көрінуі сезіледі. Арсен Бейсембиновтың шығармалары бай қиялымен және техникалық шеберлігімен ерекшеленеді. Әрбір штрих, әр сызық, сәуле мен көлеңкенің құлпырымы көрерменді ойлануға және пайымдауға шақырады. Осындай жұмыстардың бірі музей экспозициясында ұсынылған «Қарашаш сұлу» литографиясы.
