Теңіз әрқашан голландиялықтардың өмірінде үлкен рөл атқарды. Теңізшілерді, балықшыларды бейнелеуге деген қызығушылық пейзаж жанрының жаңа түрін — марина немесе теңіз пейзажын тудырды.
«Теңіз пейзажы» картинасы шағын ғана, бірақ суретші шеберлігі арқасында үлкен кеңістік сезіміне қол жеткізіп отыр. Зеңгір аспан кенептің көп бөлігін алып жатыр. Теңіз даласының шексіздігі кемелердің перспективалы кішіреюімен және олардың түсінің: алдыңғы қатардағы қара түстен көкжиекте ашық күміске дейін өзгеруімен күшейеді. Жалпы көкшіл-сұр фон ылғалды ауаның мұнарланған тұман әсерін бере отырып, бүкіл пейзажды біріктіріп тұр. Суреттің сүйкімділігі қоршаған табиғатты поэтикалық қабылдаумен сүйіспеншілікпен жазылған бөлшектердің иллюзиясында жатыр.
