Өлкетанушының олжаларынан
Біз ғажайып мекенде өмір сүріп жатырмыз. Астымызда жердің өзі сияқты терең, ғасырлар бойы бізден осы өңірлерді мекендеген халықтардың, оқиғалардың, есімдердің ізін жасырып келген қабат-қабат болып жатқан ұлан-ғайыр тарих бар. Олар бір кездері маңызды да, маңызы шамалы да болған тұрмыстық заттарда сақталған. Кезінде күнделікті тіршіліктің бір бөлігі болған бұл дүниелер бүгінде музей экспонаттарына айналып, өткен дәуірлердің тірі куәсіндей сөйлейді. Алайда осы жәдігерлер «сөйлеп», бізге жетуі үшін ерекше адамдар қаже – уақыттың жолбасшылары. Осындай бірегей тұлғалардың бірі – «Прииртышье» өлкетану қоғамының төрағасы, өлкетанушы, археолог, зерттеуші әрі жазушы, өлке тарихы туралы кітап пен көптеген мақалалардың авторы Марат Сасанов.
Бүгін Абай облысы, Семей қаласындағы Невзоровтар әулеті атындағы облыстық бейнелеу өнері музейінде осы бірегей көне мұра іздеушінің жеке коллекциясынан құралған көрме ашылды. Ежелгі теңгелер, тарихқа дейінгі дәуірдің жебе ұштары, көне қыш ыдыстардың сынықтары, діни және тұрмыстық бұйымдар, киім әшекейлері, фарфор мен фаянс заттары, ауыр пұттық кір тастар, сондай-ақ әйнек пен металдан жасалған сирек олжалар – жасы 6 мың жылдан 100 жылға дейінгі экспонаттар, терең көне дәуір мен бертінгі тарих бір залда тоғысып, уақыт капсуласын ашқандай әсер қалдырады. Олар көрерменмен жүздесіп, өз құпияларымен бөлісуге дайын. Барлығы 700-ден астам жәдігер – 15 жылдық тынымсыз ізденіс пен зерттеу еңбегінің нәтижесі.
Бұл көрме Марат Сасановтың 55 жылдық мерейтойына арналған. Ашылу салтанатына әріптестері, достары және туған өлке тарихына қызығушылық танытатын жандар жиналды. Құттықтау сөздерін Мәдениет, тілдерді дамыту жіне архив ісі басқармасы бастығының орынбасары Мустафин Бауыржан Мәулетқазыұлы, өлкетанушы Павел Николаевич Жуков, «Невзоровтар музейінің достары» қоғамдық қорының диреторы Люй Александр Владимирович және осы шараның негізгі кейіпкері Сасанов Марат Ерімбекұлы айтты. Әуен ойнап тұрды. Марат Сасанов – өз ісіне шексіз берілген, зерделі әрі адал жан – көрмеге асыға күткен көрермендермен еркін тілдесті.
Есіктер ашылды да… тарих ағылып қоя берді: әрбір витринадан, әрбір сөреден сыбырлай сөйлеп, оны тыңдай алатын және тыңдағысы келетін жанға өз сырын шертті.
#музей Семей , # көрме , #тарих, #өлкетану, #археология, # мәдениет












