Александр Петрович Дроздовтың мерейтойына орай
Қазақстанның бейнелеу өнері тарихында есімдері көп айтыла бермейтін, алайда ұлттық өнердің қалыптасуы мен дамуына елеулі үлес қосқан суретшілер аз емес. Олардың шығармашылығы елдің көркемдік өмірін толық танып-білу үшін айрықша маңызды. Биыл тамыз айында кеңестік дәуірдегі қазақстандық графика өнерінің көрнекті өкілі, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген өнер қайраткері Александр Петрович Дроздовтың туғанына 105 жыл толады.
Болашақ суретші 1921 жылы Ресейдің Тамбов облысында дүниеге келген. Пенза көркемсурет училищесінде білім алған. Ұлы Отан соғысы басталғанда майданға аттанып, соғысты гвардия капитаны шенінде аяқтады. Ерлігі үшін көптеген ордендер мен медальдарға ие болды. Соғыстан кейін Липецк қаласында тұрып, еңбек етті және бар ғұмырын өнерге арнады.
1965 жылы суретшінің өмір жолы Қазақстанмен тоғысты. Осы жылдан бастап ол өмірінің соңына дейін қазақ жерінде тұрып, шығармашылық қызметін осында жалғастырды. 1970 жылы КСРО Суретшілер одағының мүшелігіне қабылданды. 1977–1982 жылдары Қазақстан Суретшілер одағы басқармасының жауапты хатшысы қызметін атқарды. 1985 жылы суретшіге Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген өнер қайраткері атағы берілді.
Абай облысының Невзоровтар отбасы атындағы облыстық бейнелеу өнері музейі қорында Александр Дроздовтың 22 графикалық туындысы сақталған. Олардың басым бөлігін музейге суретшінің жұбайы И. Е. Дроздова сыйға тартқан. Бұл жұмыстар музей қорының қалыптасуына негіз болған алғашқы жәдігерлердің қатарында. Туындылар автордың өзі ерекше ұнатқан офорт, литография және линогравюра техникаларында орындалған.
Туындылар Дроздов шығармашылығының Қазақстандағы кезеңінің негізгі онжылдықтарын, яғни 1960, 1970 және 1980 жылдарды қамтиды. Суретшінің шығармашылық ізденістерінің негізгі бағыттарына тоқталсақ, оның өнерінде екі арнаны айрықша атап өтуге болады. Соның алғашқысы – индустриялық тақырып. Бұл тақырыпқа суретші Қазақстанға келгенге дейін-ақ, Липецк қаласында тұрған кезінен бастап ден қойған.
Қазақстанда да индустриялық тақырып ерекше өзекті болды. «Коксохим құрылысы», «Шойын құйылып жатыр», «Домна цехында», «Индустриялық пейзаж» сияқты туындылары суретшінің сол кезеңде жаңадан бой көтеріп, өндіріс қарқыны артып келе жатқан алып кәсіпорындарға жасаған сапарларының нәтижесінде дүниеге келген. Қарағанды мен Теміртауға барған шығармашылық сапарлары барысында Александр Дроздов өнеркәсіптік нысандардың тыныс-тіршілігін жіті бақылап, оны өзіндік графикалық тілмен бейнеледі.
Офорт пен акватинта техникаларын шебер үйлестірген суретші зауыттардың кең тынысты панорамасын жасап, сәулеттік құрылымдардың, алып түтін мұржалары мен электр желілерінің сан алуан сызықтары мен ырғақтарын біртұтас композицияға біріктіреді. Кеңістікті көрерменге жақындата отырып, ол гравюраға түсті реңктер енгізіп, қызуы қайнаған цехтың ыстығын, өндірістің тынымсыз қозғалысын және еңбек үдерісінің ширыққан қарқынын нанымды жеткізеді.
Дроздов шығармашылығындағы екінші маңызды тақырып – табиғат. Музей қорындағы суретшінің графикалық туындылары арасында пейзаж жанры, соның ішінде орман, өзен, тау және қыс көріністері басым орын алады. «Орман», «Жағадағы қарағайлар», «Шуақты күн», «Тал» сияқты шығармаларында суретші сан алуан штрихтарды шебер пайдалана отырып, өсімдік әлемін, жарық пен көлеңкенің құбылуын, табиғаттың алуан пішіні мен бедерін әсерлі бейнелейді.
«Күзгі бояулар», «Күн батар шақ», «Тал» шығармаларында автор сызық пен штрихты негізгі көркемдік құрал ретінде қолдана отырып, композицияға түс енгізеді. Түс реңктері арқылы суретші жыл мезгілінің сипатын, жарықтың түсу ерекшелігін және табиғат көрінісінің көңіл күйін шебер ашады.
Туындылардың тағы бір бөлігін тау пейзаждары құрайды. Олардың қатарында «Қарлы шыңдар», «Тау өзені», «Бурабай көлі» атты туындылар бар. Бұл жұмыстарында Дроздов Қазақстан табиғатына тән көріністерді арқау етеді. Асқар тау жоталары, орманды беткейлер, өзендер мен көлдер алыстағы көкжиекке ұласып, көз жетпес кеңістік әсерін қалыптастырады. Суретші тау табиғатының өзіндік ерекшелігін, саф ауасын, жарық пен кеңістіктің үйлесімін, табиғат аясындағы еркіндік сезімін нәзік әрі табиғи қалпында суреттейді.
Александр Дроздовтың шығармашылық мұрасының музейіміздің қорынан орын алуы – біз үшін үлкен құндылық. Суретшінің туындылары музей көрмелерінде жиі ұсынылып, көрерменге көрсетіліп тұрады. Суретшінің туғанына 105 жыл толуы оның есімін ұлықтап, шығармашылығына қайта назар аударуға мүмкіндік беріп отыр.
#НевзоровтарМузейі #ДроздовАлександр

























