14.04.2026

Балалар көркемсурет студиясы оқушыларына арналған кәсіптік бағдар беру

Болашақ мамандықты таңдау – әрбір жас адамның өміріндегі ең маңызды қадамдардың бірі, өйткені бұл таңдау өмір сүру жағдайына, рухани қанағаттануына және жеке дамуына тікелей әсер етуі мүмкін. Сондықтан дұрыс таңдау жасап, қателеспеу өте маңызды. Мұндай жағдайда жақсы үлгі – сенімді бағыт-бағдар бола алады.
Невзоровтар отбасы атындағы облыстық бейнелеу өнері музейі базасында 9 бен 18 жас аралығындағы балалар оқитын көркемсурет студиясы жұмыс істейді. Олардың кейбірі өз өмірін шығармашылықпен байланыстыруды шешеді. Бірақ қай бағытты таңдау керек? Мүмкін, кейбіреулер бұл сұраққа жауапты қаладағы балалар көркемсурет мектебінің түлегі Камилла Адилхановамен өткен кездесуде тапқан шығар.
Көркемсурет мектебінің түлегін музейдің көркемсурет студиясының оқушыларымен не байланыстырады? – ұстаз. Неудачина Ольга Андреевна бүгінде музейдің көркемдік тәрбие беру секторының жетекшісі. Ал Камилла Адилханова – оның шәкірті. Мектепті аяқтағаннан кейін Камилла Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясына (ҚазБСҚА)-на оқуға түсіп, құрылыс мамандығын меңгерді, ал магистратураны Politecnico di Milano университетінде тәмамдады.
Бір қарағанда, сәулетші мен құрылысшы – екі бөлек әлемнің адамындай көрінеді: бірі қиялмен ғимараттың бейнесін тудырады, екіншісі сол ойды өмірге әкеледі. Бірақ бұл екеуі – бір-бірінен ажырамас тұтас дүние. Құрылыс сырын, материалдардың сипатын, олардың үндестігін және ғимарат бойына жан бітіретін физикалық заңдарды білмей, сәулетші шынайы туынды жасай алмайды. Оның қиялы қағаз бетінде ғана қалып қоюы мүмкін. Дәл сол сияқты, ойдың тереңіне бойламай, тек тапсырманы орындаумен шектелетін құрылысшы да өнер туындысын тудыра алмайды. Сәулет – қиял мен шеберліктің, ой мен іске асудың үндескен сәтінде ғана өмірге келеді.
Осы жайында – сәулетші мен құрылысшы мамандықтарының қыр-сыры, ең бастысы, өз мамандығына апарар жолы, кездескен қиындықтар мен күтпеген сәттер, жетістіктер мен сәтсіздіктер, кәсіби сезімдер мен үміттері туралы Камилла Адилханова болашақ талапкерлерге әсерлі, көрнекі әрі шынайы түрде әңгімелеп берді. Сұрақтар да аз болған жоқ. Жастар жоғары оқу орнын қалай таңдау керектігін, шетелдік білім беру жүйесінде қалай бағдар табуға болатынын, шетелде оқу жолдары қандай екенін, сондай-ақ сәулетші мамандығында қазіргі жаңа бағыттар қандай екенін қызыға сұрады.
Кездесу үлкен қызығушылық тудырып, мазмұнға бай, көрнекі әрі әсерлі өтті. Ең бастысы – ол қатысушылар үшін шын мәнінде пайдалы болды.

 

 

Scroll to Top