14.04.2026

Музейдің тынысы – оның жәдігерлерінде.         

         Музейдің тынысы – оның жәдігерлерінде. Негізі асыл мұралар музей қорына көбіне жүрегі жылы, өнерге жанашыр жандардың арқасында келіп түседі. Олар өздеріндегі өнер туындыларын еш өтеусіз музейге табыстап, игі іс жасайды. Осындай жандардың ізгі ниетінің арқасында музей қоры жыл сайын толығып, жаңа жәдігерлермен байып, көрмелер мен экспозициялардың өзегіне айналады.
         1988 жылы Қазақстан музей ісі тарихында теңдесі жоқ оқиға орын алды: Юлий Владимирович Невзоров, оның жұбайы Антонина Михайловна және қызы Юлия Юльевна музейге орыс, кеңес және шетел өнеріне жататын 569-дан астам кескіндеме мен графика туындыларын сыйға тартты. Бұл бірегей коллекцияның негізі XIX ғасырдың ортасында қаланған — Ю. В. Невзоров әкесі мен атасынан мұраға қалған бейнелеу өнері туындыларын қабылдап қана қоймай, оны едәуір толықтырып, байыта түсті. Аталған туындылар бүгінгі күні музейдің тұрақты экспозициясынан өздерінің лайықты, құрметті орнын алды. 1991 жылы музейге Невзоровтар отбасының есімі берілді. Ал 1995 жылы Ю. В. Невзоров Қазақстан мәдениетін дамытуға қосқан зор үлесі үшін «Парасат» орденімен марапатталды.

Невзоровтар отбасы атындағы бейнелеу өнері музейінің қызметкерлері музей қорын қалыптастыруға қосқан үлестері үшін барлық сый тартушыларға шынайы алғыстарын білдіріп, олардың есімдерін ризашылықпен атап өтеді:
       Беляев Михаил Михайлович  (1925-2007) – суретші-график, кескіндемеші, Ұлы Отан соғысының қатысушысы, Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі. Музейге өзінің үш жүзден астам туындысын сыйға тартқан. 1925 жылы суретшінің жүз жылдығына арналған жеке көрмесі өтті.
       Лидия Федоровна Третьякова музей қорына өзінің жұбайы, суретші Владимир Ильич Третьяковтың (1930–2005) 279 кескіндеме туындысын өтеусіз табыстады. Ол — кеңестік және қазақстандық суретші-кескіндемеші, КСРО Суретшілер Одағының мүшесі, педагог, 1976 жылдан бастап Семей педагогикалық институтында сабақ берген. Табиғатынан пейзаж шебері болған ол туған Ертіс өңірінің өзіндік болмысын, қайталанбас сұлулығын нәзік сезіне білді.

         Қазіргі таңда Америкада тұратын суретші Александр Вениаминович Кедрин музейге әкесі — белгілі кеңестік суретші-безендіруші, график және педагог Вениамин Николаевич Кедриннің (1899–1979) 133 графикалық туындысын сыйға тартты. Ол эстамптар, иллюстрациялар мен үгіт плакаттары серияларының авторы ретінде танымал.
         Татьяна Александровна Стромская музей қорына қазақстандық суретші Сергей Николаевич Масловтың (1952–2002) автордың өзінен сыйға алған 150 графикалық парағын табыстады.

Сергей Маслов кескіндеме, графика, перформанс және инсталляция жанрларында еңбек етті. 1980-жылдардың соңында «Ночной трамвай» арт-тобының көшбасшыларының біріне айналып, иронияға толы, философиялық тереңдігі бар, мистикалық және символикалық астары мол туындыларымен танымал болды.

           Қазақстанның көркемөнер өмірінің үлкен жанашыры әрі терең білгірі, өнертанушы Филатов Владимир Аркадьевич  музейге күрделі, тағдыры қайшылыққа толы суретші Эдуард Константинович Николаевтың (1937–1989) 39 туындысын сыйға тартты.

         Мария Андреевна Яковлева музейдің кескіндеме қорына өз жұбайы — кеңестік суретші-кескіндемеші, пейзаж шебері, Ұлы Отан соғысының қатысушысы, Семей қаласында еңбек еткен Яковлев Николай Ивановичтің (1927–1985) 73 туындысын сыйға тартты. Ленинград көркемсурет академиясы жанындағы көркемсурет мектебінің және Алматы көркемсурет училищесінің түлегі ретінде ол өзін пейзаж жанрының шебері ретінде таныта білді.

         Светлана Ахметшакуровна Визер музейге өзінің әкесі, қазақстандық суретші Шакур Галиевич Абдулганиевтің (1926–1990) 150 акварель туындысын сыйға тартты. Ол Семей қаласында дүниеге келген. Алматы қаласындағы Н.В. Гоголь атындағы көркемсурет училищесін тәмамдап, онда А. Ғалымбаева мен И. Квачко секілді ұстаздардан білім алған. Оқу орнын бітіргеннен кейін Ш. Абдулганиев Алматыда қалып, еңбек жолын жалғастырды. Әр жылдары Т. Шевченко атындағы Қазақ мемлекеттік көркемсурет галереясында, Қазақ КСР Мәдениет министрлігінің Көркем көрмелер дирекциясында, сондай-ақ Қазақстан Суретшілер Одағының Көркемөнер қорында қызмет атқарды.

         2025 жылы музейімізде алматылық дарынды суретші Макаров Георгий Станиславовичтің көрмесі өтті. Көрме соңында ол экспозициядағы 112 туындысын — жан жылуына, тереңдікке толы, шебер қолтаңбамен жазылған кескіндеме мен графика жұмыстарын — музейге тарту етті. Бұл сый — суретшінің жүрегінен шыққан бір бөлшек іспетті. Музей оған айрықша ризашылықпен алғыс айтады. Ол осы арқылы өз өмірінің бір бөлшегін осында қалдырғандай. Ал музей оған бұл игі ісі үшін шексіз алғыс білдіреді.

         Биылғы жылы, музей қорына тұрақты сақтауға суретші Махно Евгений Степановичтің жомарт сыйын қабыл алды — оның өмірден тым ерте өткен ағасы, Махно Олександр Степановичтің (1963–2024) 145 кескіндеме мен графика туындысы. Ол — көпқырлы, терең сезімге толы, дара шеберлігімен ерекшеленген, дарынды кескіндемеші әрі суретші-график еді.

          Музей қорын толықтыруға үлес қосқан жандардың мейірімі мен жомарттығы әрдайым зор құрметке лайық. Өйткені әрбір сый — бір жүректің жылуы, бір жанның бөлшегі, қастерлі естеліктің ізі.

Scroll to Top