Евгений Викторович Сухов

Евгений Викторович Сухов (1950–2019) – өз шығармашылығы арқылы қаламыздың бейнелеу өнеріндегі ең озық жетістіктерін паш еткен санаулы суретшілердің бірі. Шебер суретші, нәзік түстер үйлесімін терең меңгерген колорист ретінде ол Ертіс бойындағы Семей өңірінің сұлу табиғатын ерекше бір шабытпен бейнелей білді. Оның пейзаждарынан туған жерге деген іңкәр сезім мен нәзік махаббатты анық сезінуге болады.

Семейде туып-өскен, жарқын мінезді, жан дүниесі бай тұлға ретінде Евгений Викторович өңір жастарының көркемдік білім алуына елеулі үлес қосты: Н. Крупская атындағы Семей педагогикалық институтының көркем-графика факультетінде дәріс беріп, облыстағы алғашқы Балалар көркемсурет мектебінің негізін қалап, оны өзі басқарды. Ол осынау қоғамдық-педагогикалық жұмыстарды шығармашылықпен шебер ұштастыра білді.

Женя Сухов – өте мейірімді, кеңпейіл адам еді. Ол өз еңбектерін достарына, таныстарына жиі сыйға тартатын. Сол сияқты, біздің музейге де бірнеше жұмысын сыйлаған болатын. Өкінішке қарай, сол кезеңде музейдің суретшінің туындыларын сатып алуға мүмкіндігі болмады. Ал оның картиналары әлемнің әр түкпіріндегі меценаттар мен өнер жанашырларының коллекцияларына енді – бүгінде Е. Суховтың еңбектерін Германиядан, Ресейден, АҚШ-тан кездестіруге болады.

Біздің музей қорында суретшінің бірнеше туындысы сақтаулы. Соның ішінде «Көпірі бар пейзаж» атты жұмысы EA Charity Fund корпоративтік қорының демеушілігімен сатып алынып, «Невзоровтар музейінің достары» қоғамдық қоры арқылы табысталып коллекцияда ерекше орын алды. Аталған туынды тамаша шебердің бүкіл болмысын, көркемдік дарыны мен шабытын толықтай танытады.

Осы баға жетпес қолдау үшін EA Charity Fund қайырымдылық қорының негізін қалаушы, EA Group Holding холдингінің басшысы Ерік Аубакиров мырзаға зор алғысымызды білдіреміз.



Scroll to Top