ХХ ғасыр өнерімен сырласу: музейдегі Е. И. Резникованың дәрістері.
Невзоровтар отбасы атындағы облыстық бейнелеу өнері музейінде ХХ ғасыр өнерімен сырлы жүздесу өтті. Бұл — рух пен ой шегіне жеткен, толассыз ізденістер мен батыл тәжірибелерге толы, терең мағынасы бар алапат дәуір. Сол күрделі әрі сан қырлы уақыттың көркем болмысын ашқан екі дәрісті өнертану ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Республикасының мәдениет саласының еңбек сіңірген қайраткері, Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінің ғылыми хатшысы Екатерина Ильинична Резникова оқыды.
ХХ ғасыр өнері — бағыттар мен есімдердің жалаң тізбегі ғана емес, ол — көз ілеспес жылдамдықпен өзгерген дүниеге суретшілердің үні. Клод Моне мен Пабло Пикассодан басталып, одан әрі Нельсон Рейнджер мен Бэнксиге ұласатын кең өріс; импрессионизм, кубизм, фовизмнен бүгінгі инсталляциялар, перформанстар мен видеоартқа дейінгі сан алуан көркем сапар. Өткен ғасыр өнерінің көпқырлылығы мен төңкерістік болмысы жайлы Екатерина Ильинична бейнелі де әсерлі тілмен әңгімелеп, тарихи оқиғалар, философиялық ойлар мен дәуірдің ішкі драмалық толғаныстары жаңа көркем тілді қалай қалыптастырғанын, форма, образ және мағына туралы түсініктерді түбегейлі қалай өзгерткенін айқын көрсетті.
Әңгімелеудің қарапайым да айшықты тілі, білімінің тереңдігі мен кеңдігі, ойды таразылап, тақырыпқа байыппен бойлай білетін аналитикалық көзқарасы, оған қоса Екатерина Ильинична Резникованың шынайы ықыласы мен сирек кездесетін жеке харизмасы бұл дәрістерді тыңдарман үшін нағыз рухани мерекеге айналдырды. Бұл кездесулер үлкен қызығушылық тудырып, музейдің мәдени өміріндегі елеулі оқиға болды, әрі өнермен тірі, бетпе-бет жүздесудің, оған кәсіби көзқараспен қараудың маңызын тағы бір мәрте айқын дәлелдеді.









